Әлеуметтік көмекке мұқтаж отбасыларды анықтау тәсілі қайта қаралады – министр

АСТАНА. KAZINFORM – Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі әлеуметтік саясатты қайта қарап жатыр. Негізгі міндет – мемлекеттік көмекті шын мұқтаж азаматтарға бағыттау.

әлеуметтік көмек
Фото: Kazinform

Сала министрінің айтуынша, қазір Премьер-Министрдің орынбасарының төрағалығымен жұмыс тобы құрылып, белсенді жұмыс жүргізуде. Оның құрамына Президент Әкімшілігінің, Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің, Ұлттық экономика және Қаржы министрліктерінің, сондай-ақ басқа да орталық мемлекеттік органдардың өкілдері кірген.

– Нормативтік-құқықтық актілерге сараптама жүргізіліп, отбасының әлеуметтік әл-ауқатын бағалау әдістемесі пысықталды. Қазіргі кезде отбасылардың нақты материалдық жағдайын ескере отырып, тиісті түзетулер енгізіліп жатыр, – деді министр Асқарбек Ертаев.

Сонымен бірге Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігімен бірлесіп, мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелеріндегі деректерді өзектендіру бойынша ревизия жүргізіліп жатыр.

Өңір әкімдіктері жанынан жұмыс штабтары құрылып, жәрдемақы алушылардың материалдық жағдайын тексеру қолға алынған.

– Қараша айында мұқтаждық принциптерін 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап кезең-кезеңмен енгізу механизмдерін жетілдіру жұмыстары аяқталады. Биылғы желтоқсанда Отбасының цифрлық картасы екінші деңгейдегі банктердің жүйесімен интеграцияланады. Халық арасында реформаның мақсаттары және оны енгізу тәртібі туралы белсенді ақпараттық-түсіндіру жұмыстары тұрақты жүргізіліп жатыр, – деді Асқарбек Ертаев.

Жалпы отбасының әлеуметтік әл-ауқатын бағалау әдістемесі азаматтардың нақты жағдайына қарай пысықталады. Атап айтқанда, адамдардың табысын және кредиттік міндеттемелерін, оның ішінде ипотекалық қарыздарды бағалау тәсілдері өзгертіп жатыр.

Автомобиль мен ауыл шаруашылығы техникасының бар-жоғы және жағдайы ескеріледі. Отбасының асырауға жұмсалатын шығындарды, сондай-ақ отбасының жалғыз асыраушысы мен жалғыз тұрғын үйінің болуын ескеру көзделіп отыр.

– Мұқтаждық принциптерін енгізудің пилоттық жобасы 2027 жылы 1 қаңтарда іске қосылады. Бірінші-екінші кезең қаңтар-ақпан айларында, үшінші-төртінші кезең – ақпан, сәуір айларында жүзеге асырылады. Мемлекет басшысы атап көсреткендей, пилоттық жобаны мұқият тексерістен өткізудің бірінші кезеңінде әлеуметтік көмекті оңтайландырудың тиімділігі қаралатын болады. Нәтижесіне қарай бұл жұмысты кең ауқымда қолдануға кірісеміз, – деді Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі.

Кеше Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында негізсіз жәрдемақылардың көбеюі мемлекеттік басқарудың әлсіздігін көрсететінін айтқан еді.