Әлеуметтік қордан қазақстандықтарға 70 мың теңге төленетіні туралы ақпарат – фейк

Әлеуметтік қордан қазақстандықтарға 70 мың теңге төленетіні туралы ақпарат шындыққа жанаспайды
Фото: Kazinform

АСТАНА. KAZINFORM – 1949-2010 жылдар аралығында туған Қазақстан азаматтарына белгісіз әлеуметтік қордан 70 000 теңге аударылатыны туралы әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде таратылып жатқан ақпарат шындыққа жанаспайды. Қаражатты аудару үшін белгісіз адамдар сілтемеге өтуді ұсынады. 

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі әлеуметтік көмектің мұндай түрі жоқ екенін хабарлады. Сондай-ақ хабарламада көрсетілген сілтеме азаматтардың жеке деректерін алу тәсілі болуы мүмкін атап өтіп, алаяқтармен өзара әрекеттесуді болдырмау үшін сілтемеге өтпеуге кеңес берді. 

– Мемлекеттік қолдаудың тиісті шаралары туралы ресми ақпарат тек қана 1414 нөмірінен СМС-хабарламалар арқылы таратылады. Азаматтардан тек ресми көздердегі ақпаратты пайдалануын сұраймыз. Жалған ақпарат тарату заңмен жазаланатынын естеріңізге саламыз, - делінген хабарламада. 

Еске сала кетейік, бұған дейін жыл басынан қыркүйекке дейін 385 мыңнан астам адамға атаулы әлеуметтік көмек көрсетілгенін хабарлаған болатынбыз. 

 

Соңғы жаңалықтар
telegram