Әлеуметтік қорғау инспекторы немен айналысады
АСТАНА. KAZINFORM — Жыл басынан бері Қазақстанның барлық өңірінде мемлекеттік әлеуметтік қорғау инспекторлары 2 126 тексеру жүргізді. Оның 528-і профилактикалық бақылау шеңберінде, 511-і жоспардан тыс, 1087-сі прокуратураның талабы бойынша.
Мемлекеттік бақылаумен: әкімдіктер — 159, жергілікті атқарушы орган бөлімдері мен басқармалары — 98, мемлекеттік мекемелер — 67, арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталықтары — 74, оңалту орталықтары — 6, ауруханалар, емханалар — 85, стомалогиялар — 3, санаторийлер — 4, балабақшалар — 407, мектептер — 927, колледждер, лицейлер — 72, дүкендер — 18, сауда үйлері — 26, банк филиалдары — 6, «Қазпошта» АҚ филиалдары — 7, полиция бөлімшелері — 9, мәдениет үйлері — 15, мұрағаттар, мұражайлар — 13, кафелер, мейрамханалар, қонақ үйлер — 16, нотариустар — 2, автобус парктері, авто және теміржол вокзалдары, әуежайлар — 8, ЖК — 46, кітапханалар — 4, БЖСМ, спорт мектептері — 13 және басқалар қамтылды.
Мәселен, Еңбек және әлеуметтік қорғау комитетінің Алматы бойынша департаменті мүгедектігі бар адамның өтінішімен азық-түлік дүкеніне жоспардан тыс тексеру жүргізді.
Тексеру нәтижесі бойынша кәсіпкерлік субъектісіне айыппұл салынды, сондай-ақ анықталған бұзушылықтарды жою жөнінде нұсқама енгізілді.
Сонымен қатар, өңірлердегі әлеуметтік инспекторлар мүгедектігі бар адамдардың заңды құқығын қамтамасыз ету үшін әлеуметтік инфрақұрылым объектілерін бейімдеу ісінде оң динамика бар екенін атап өтті.
Мәселен, мүгедектігі бар азамат Ерген Бекарыстановтың айтуынша, Орал қаласында ерекше қажеттілігі бар адамдарға біршама жағдай жасалып жатыр.
«Киров саябағында тротуардың бойында көру қабілеті нашар адамдарға арналған тактильді бағыттағыштар орнатылды, қала бойынша банктерге, супермаркеттерге, кафелерге кіру мүмкіндігі қамтамасыз етілді. Атап айтқанда, мүгедектігі бар адамдарға арналған тұрақ орындары, пандустар мен кіру топтары стандартқа сәйкес келеді, жалпы қала бойынша инфрақұрылым объектілерін қолжетімділік нормаларына сәйкес келтіру бойынша жұмыс жүріп жатыр. Бұған мен өте қуаныштымын», — дейді Ерген Бекарыстанов.
Естеріңізге сала кетейік, 2023 жылғы 1 шілдеде Әлеуметтік кодекс күшіне енген кезден бастап елімізде мемлекеттік әлеуметтік қорғау инспекторларының институты енгізілді.
Олардың құзыретіне мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік қорғау, арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету және әлеуметтік қамсыздандыру саласындағы заңнаманың сақталуын бақылау кіреді.