Әлеуметтік тауарлар бағасының өсу қарқыны 4 есе баяулады
АСТАНА. KAZINFORM — Мемлекеттік бақылау бағытында Атырау және Солтүстік Қазақстан облыстарының жұмысы сынға алынды. Әсіресе, Атырау облысында жарты жыл ішінде 12 заң бұзу дерегі анықталған, бұл бақылау жұмысының жеткіліксіздігін көрсетеді. Сонымен қатар Абай, Ақтөбе, Қарағанды, Жамбыл, Түркістан облыстары мен Астана қаласында жыл басынан бері бірде-бір тиімсіз делдал нарықтан шеттетілмеген.
Сауда және интеграция министрлігі Сауда комитетінің алқа мәжілісінде 2026 жылдың бірінші жартыжылдығы қорытындыланды. Жиын барысында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру шаралары мен өңірлік департаменттердің жұмыс тиімділігі талқыланды.
Жүргізілген жүйелі жұмыстардың нәтижесінде елімізде әлеуметтік маңызы бар тауарлардың бағасының өсу қарқыны өткен кезеңмен салыстырғанда төрт есеге жуық баяулаған.
Бұл көрсеткішке мемлекеттік бақылауды күшейту, тауарлар тізбесін кеңейту және отандық өндірушілерді қолдау шаралары арқылы қол жеткізілді.
Барлығы 3 907 әкімшілік іс тіркелді, оның ішінде 2 391-і рұқсат етілген сауда үстемесін асыруға қатысты болса, өңірлік комиссиялардың жұмысы арқылы 2 322 заң бұзу анықталып, жеткізу тізбегінен 164 тиімсіз делдал шеттетілді.
Сонымен қатар, бақылау шаралары аясында заңсыз әкелінген 46,5 мыңнан астам жұмыртқа тәркіленіп, цифрлық азық-түлік ваучерлері мен 31 тауар позициясына баға мониторингі енгізілді. Сондай-ақ, апта сайын 132 ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі ұйымдастырылып, 25 сауда базарын жаңғырту жұмыстары мен ақпаратты уақытылы ұсыну бойынша атқарушылық тәртіпті нығайту шаралары ерекше бақылауға алынды.
Алайда маусым айының қорытындысы бойынша кейбір өңірлерде бағаны бақылау жұмыстарының әлсірегені байқалады.
Мемлекеттік бақылау бағытында Атырау және Солтүстік Қазақстан облыстарының жұмысы сынға алынды. Әсіресе, Атырау облысында жарты жыл ішінде 12 заң бұзу дерегі анықталған, бұл бақылау жұмысының жеткіліксіздігін көрсетеді. Сонымен қатар Абай, Ақтөбе, Қарағанды, Жамбыл, Түркістан облыстары мен Астана қаласында жыл басынан бері бірде-бір тиімсіз делдал нарықтан шеттетілмеген.
— Есеп үшін өткізілетін жиындардың бізге қажеті жоқ. Нақты нәтиже керек — заң бұзуды анықтау, тиімсіз делдалдарды нарықтан шығару және бағаның негізсіз өсуіне жол бермеу басты міндет болып қала береді, — деді сауда комитетінің төрағасы Ернұр Жаутыкбаев бақылау жұмыстарының сапасына қатысты қатаң талап қойды.
Алқа мәжілісінің қорытындысы бойынша 2026 жылдың соңына дейін сауда базарларын жаңғырту жұмыстарын аяқтау тапсырылды. Екінші жартыжылдықтағы негізгі басымдықтар — баға тұрақтылығын сақтау, «үй жанындағы» шағын жәрмеңкелерді дамыту және цифрлық азық-түлік ваучерлері жобасын іске асыру болмақ.
Айта кетелік Қазақстандық қандай тауарлар шетелдік баламаларынан арзанырақ екенін жазған едік.