Әлеуметтік төлем қалай өзгереді: министр мұқтаж отбасыларды қолдау тетігін түсіндірді
АСТАНА. KAZINFORM — 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап Қазақстанда отбасының мұқтаждығы деңгейін бағалау кезінде тек табыс қана емес, сонымен қатар шығыстар да ескерілетін болады. Отбасылардың келісімімен банктер отбасылық шоттар мен депозиттер туралы деректерді ұсынады. Бұл туралы Құрылтайдың жалпы отырысында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаев мәлім етті.
Оның айтуынша, қазіргі уақытта әлеуметтік салада қажеттілікке негізделген қағидат енгізіліп жатыр. Соған сәйкес мемлекеттік қолдау тек шынымен мұқтаж азаматтарға ғана көрсетіледі.
Отбасының әл-ауқатын бағалау үшін «Отбасының цифрлық картасына» жүйесі қолданылады. Ол мемлекеттік дерекқорлардан ақпарат жинақтап, 50-ден астам көрсеткіш негізінде отбасының жағдайын сегіз негізгі бағыт бойынша бағалайды.
— Бұл ретте жұмыспен қамтылуы, табыс деңгейі, жылжымалы және жылжымайтын мүлік, қарыз көлемін, білім деңгейін және басқа да көрсеткіштер қамтылады. Осы орайда қаржылық және әлеуметтік жағдайы туралы осы жалпы көрініске сүйене отырып, жүйе оған белгілі бір санатты тағайындайды, — деп түсіндірді Ертаев.
Ол «А» санаты жоғары табыс деңгейін, ал «В» санаты ауқатты екенін білдіретінін нақтылады. Жаңа жүйе аясында дәл осы санаттарға байланысты өзгерістер болады.
Сонымен қатар, 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап бағалау тетігі кеңейтіледі. Министр атап өткендей, екінші деңгейлі банктер жәрдемақы алушылар мен олардың отбасы мүшелерінің келісімімен банк шоттары мен депозиттер туралы ақпаратты ұсынатын болады. Қаржылық жағдайды бағалау кезінде кірістер мен шығыстар да ескеріледі.
Ол дерекқор жүйесі күн сайын жаңартылып отыратындықтан, отбасының қаржылық жағдайы ай сайын қаралатынын жеткізді.
— Егер отбасы қазан айында «Б» санатында болып, желтоқсанда белгілі бір тәуекелдерге байланысты «C» санатына ауысса, онда бұл отбасыға мемлекеттік қолдау шаралары дереу әрі проактивті түрде бекітіледі. Бұл ақпаратты жүйелі түрде жаңартуға, адамдардың қаржылық және әлеуметтік жағдайын ескеруге, сондай-ақ олардың әл-ауқат деңгейін қайта бағалау үшін уақтылы әрекет етуге мүмкіндік береді, — деді министр.
Бұған дейін хабарланғандай, Үкімет жәрдемақылар төлеу шарттарын бекітті.
Осы орайда 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілетін құжатқа тиісті жәрдемақылар қамылған.
Атап айтқанда, Премьер-министр Олжас Бектенов атаулы әлеуметтік қолдаудың жаңа жүйесінде мемлекет өз-өзін қамтамасыз ете алмайтын жандарға ғана қолдау көрсететінін мәлім етті.