Әлеуметтік төлемдердің уақтылы берілуі мен дұрыс тағайындалуы тексеріледі – министрлік

АСТАНА. KAZINFORM – Келер жылдан бастап елімізде әлеуметтік қызмет көрсететін ұйымдардың жұмысы бағаланады және әлеуметтік төлемдердің уақтылы берілуі мен дұрыс тағайындау барысына тексеру жүргізіледі.

Қаза тапқан 17 кеншінің отбасына әлеуметтік төлем тағайындалды
Фото: gov.kz

- Биыл тамызда тәуекел дәрежесін бағалау критерийлері мен әлеуметтік қамсыздандыру, оның ішінде міндетті әлеуметтік сақтандыру саласындағы тексеру парағы бекітілді. Аталған бағыттар бойынша 2025 жылы тексеру жұмыстары басталады, - деді Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитетінің төрағасы Төлеген Оспанқұлов орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында.

Осылайша, келер жылдан бастап әлеуметтік төлемдер жүргізудің барысы тексеріледі.

- Азаматтардың әлеуметтік төлемдерді уақытылы алуы, оның дұрыс тағайындалуы мен аудару сияқты қызметтердің орындалу барысына тексеру жүреді. Бақылау субъектілері қатарына «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы, «Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры» АҚ, сондай-ақ олардың филиалдары кіреді. Аталған ұйымдардың қызметі 12 критерий бойынша бағаланады, – дейді спикер.

Айта кетейік, 2025 жылдан бастап Қазақстанда арнайы әлеуметтік қызмет көрсететін ұйымдардан лицензия талап етіледі.

Сондай-ақ еңбек министрлігінің өкілі мүгедек жандардың қоғамдық орында жиі тап болатын кедергілерді атады.

 

Соңғы жаңалықтар