Әлеуметтік желіде діни мазмұндағы сурет жүктеген Атырау тұрғынына айыппұл салынды

Әлеуметтік желіде діни мазмұндағы суретті жүктеген атыраулыққа айыппұл салынды
Фото: pexels.com

АТЫРАУ. KAZINFORM – Атыраулық әйел әлеуметтік желідегі парақшасына діни мазмұндағы суретті жүктеген. Оның бұл әрекеті діни қызмет және діни бірлестіктер туралы заңнамаға қайшы екені анықталған.

Атырау қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған сотында еліміздегі діни қызмет және діни бірлестіктер туралы заңнаманы бұзған әйелге қатысты іс қаралды. «В контакте» әлеуметтік желісін қолданушының бұл әрекеті ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 490-бабының 1-бөлігінің 3-тармағымен сараланған.

«Сотта анықталғандай, азаматша А. «В контакте» әлеуметтік желісіндегі жеке парақшасына діни мазмұндағы сурет жүктеп, ашық түрде орналастырған. А.-ның кінәсі сот отырысында зерттелген іс материалдарымен, әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттамамен, маман қорытындысымен, сауалнама хаттамасымен расталды. Сот қаулысымен А. әкімшілік құқық бұзушылық жасағаны үшін кінәлі деп танылды. Оған қызметiн үш ай мерзімге тоқтата тұрып, 129 мың 220 теңге мөлшерінде әкімшілік айыппұл салынды», - деп хабарлады облыстық соттың баспасөз қызметі.

Сот қаулысы заңды күшіне енді.

Еске сала кетелік, бұған дейін Атырауда қаржы пирамидасын құрған зейнеткерге сот үкімі шыққанын жазған болатынбыз.

Соңғы жаңалықтар