Әлеуметтік желіде «ҚазМұнайГаз» жаңа инвестициялық бағдарламасы туралы жалған жарнама тарады
Алматы қаласы Медеу ауданының прокуратурасы әлеуметтік желілерде «ҚазМұнайГаз» Ұлттық компаниясы» АҚ-ның инвестициялық бағдарламасы туралы жалған жарнаманы анықтады. Kazinform бұл туралы Алматы қаласының прокуратурасына сілтеме жасап хабарлайды.
Бейнежазбада азаматтарға іске қосылған жаңа мемлекеттік «ҚазМұнайГаз» платформасына қаржы салып, 100 мың теңгеден дивиденд алуды ұсынылған.
«ҚазМұнайГаз» Ұлттық компаниясы» АҚ-ның мәліметіне сәйкес таратылған ақпарат шындыққа жанаспайды.
Осыған байланысты прокуратура азаматтардан тағы да қырағы болуды және жасырынған қаржы пирамидасы болуы мүмкін түрлі ойдан шығарылған жарнамаларға бой алдырмауды сұрайды.
Өз кезегінде құқық қорғау органдары заңсыз инвестициялық ұйымдардың қызметін анықтау және жолын кесу шараларын қабылдап жатыр.