Әлеуметтік желідегі жалған ем халық денсаулығына қауіп төндіріп отыр — депутат

АСТАНА. KAZINFORM — Мәжіліс депутаты Гүлдара Нұрым Премьер-Министрдің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның атына депутаттық сауал жолдап, әлеуметтік желілердегі жалған медициналық кеңестер мен биологиялық белсенді қоспалардың (ББҚ) бақылаусыз жарнамасына қатысты мәселе көтерді.

Гүлдара Нұрымова
Фото: Сенат

Депутаттың айтуынша, бүгінде әлеуметтік желілер емдеу, дәрі қабылдау және медициналық кеңес тарататын негізгі алаңдардың біріне айналған. Соның салдарынан дәрігерге қаралмай, интернеттегі кеңеске сүйеніп өз бетінше ем қабылдайтындар көбейген.

— Азаматтардың 42 %-ы кемінде бір рет әлеуметтік желідегі кеңеске сүйеніп, дәрігерге қаралмай ем қабылдаған. Бұл антибиотиктерге төзімділіктің артуына, дәрілердің жанама әсерінің көбеюіне және ауруларды кеш анықтауға әкеледі, - деді Гүлдара Нұрым.

Оның сөзінше, медициналық білімі жоқ адамдар да әлеуметтік желіде өзін маман ретінде көрсетіп, түрлі емдеу тәсілдерін ұсынып жүр. Кей жағдайда олар рецептімен берілетін дәрілерді де жарнамалайды.

Депутат биологиялық белсенді қоспалардың дәрі ретінде насихатталуы да үлкен мәселе екенін айтты.

— Қазір елде ББҚ нарығы бақылаусыз қалып отыр. Адамдарға ем ретінде тиімділігі дәлелденбеген өнімдер ұсынылады. Бұл аурудың асқынуына және дертті кеш анықтауға себеп болуы мүмкін, - деді ол.

Сонымен қатар депутат дәрігерлер арасындағы даулардың әлеуметтік желіде ашық талқылануы медицина саласына деген сенімге кері әсер етіп отырғанын айтты.

Осыған байланысты Гүлдара Нұрым әлеуметтік желідегі жалған медициналық жарнамаға бақылауды күшейтіп, барлық ББҚ бойынша ашық тізілім жасауды ұсынды.

Сондай-ақ депутат емдеу мен дәрі-дәрмек туралы ақпарат жариялайтын авторларды дәрігерге қаралу қажеттігін ескертуге міндеттеуді ұсынды.

Айта кетейік, Мәжіліс депутаты Сергей Пономарев Қазақстанда өкпе обырын ерте анықтайтын жүйенің әлі күнге дейін енгізілмей отырғанын сынға алған еді.