Әлеуметтік желіге контент түсірмек болған алматылық бұзақы жүргізушілер жазаланды

АСТАНА. KAZINFORM – Алматыда әлеуметтік желіге контент түсіру үшін жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзған жүргізушілер жауапқа тартылды, деп хабарлайды ҚР Ішкі істер министрлігі.

Әлеуметтік желіге контент түсірмек болған алматылық бұзақы жүргізушілер жазаланды
Фото: ҚР ІІМ

Әңгіме агрессивті көлік жүргізу, жылдамдықты асыру, қауіпті маневрлер жасау, дрифт және «шашка» тәсілімен жүру фактілері туралы болып отыр.

Полицияның мәліметінше, құқық бұзушылар өз әрекеттерін әлеуметтік желілерде өздері жариялайтын жағдайлар жиі кездеседі. Бұл олардың жеке басын жедел анықтауға мүмкіндік береді. Соңғы бірнеше күнде әлеуметтік желілерге жүргізілген мониторинг барысында бес автобұзақы анықталып, олардың барлығы әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Алматы қалалық Полиция департаменті интернет кеңістігіне мониторинг тұрақты жүргізілетінін және қауіпті көлік жүргізудің әрбір дерегіне құқықтық баға берілетінін мәлімдеді.

Полиция қала көшелері автожарыс өткізуге немесе экстремалды контент түсіруге арналмағанын еске салды.

Бұған дейін Алматыда бірнеше сағат ішінде 28 автокөліктің айып тұрағына қойылғаны хабарланған еді.

Сондай-ақ Алматыда түнгі уақытта дрифт жасаған BMW автокөлігінің жүргізушісі жазаланды.