«Алға» партиясының қаржы полициясына қатысты таратқан ақпараттары жалған - қаржы полициясының ресми өкілі
АСТАНА. Қыркүйектің 30-ы. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - «Алға» халықтық партиясының ұйымдастыру комитетінің өкілдері қаржы полициясының қызметкерлері партияны құру ісіне кедергі келтірді деген ақпарат таратты.
Алайда бұл ақпарат жалған», деп мәлімдеді бүгін Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агентігінің ресми өкілі Мұрат Жұманбай журналистермен болған баспасөз мәслихатында.
Оның айтуынша, қаржы полициясы органдарының өкілдері тексеруді баспаның қызметіне қатысты мәселелер бойынша жүргізген. Тексеру шараларының «Алға» партиясына немесе оның ұйымдастыру комитетіне ешқандай да қатысы жоқ. «Нақтырақ айтсақ, экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігіне «Комета-С» баспасына орыс және қазақ тілдерінде 10 мың бюллетеньге тапсырыс берілгені жөнінде ақпарат келіп түскен. Бұл тапсырыс жайлы баспаның арнайы тіркеу кітабында да көрсетілген. Ал «Алға» халықтық партиясы ұйымдастыру комитеті өкілдерінің бұл бюллетеньдерді өзге баспалардың басудан бас тартуына байланысты күрт көбейтілгені жөніндегі себептер негізсіз. Бұны баспаға 19 мың дана бюллетень үшін төленген 321 мың теңге дәлелдейді. Сонымен қатар, еліміздегі өзге баспалардың барлығы партияның ұйымдастыру комитетінен ешқандай да бюллетеньдерге тапсырыс түспегендігін айтып отыр», деді ресми өкілі.
Оның сөзіне қарағанда, тексеру барысында ұйымдастыру комитетінің мүліктеріне ешқандай да қатысы жоқ бірқатар заттар мен құжаттар тәркіленді. Олар қылмыстық процессуалдық кодекстің 21-ші бабына сәйкес, процессуалдық шешім қабылдауға қажетті материалдық нысандар болып табылады. «Біз тәркілеген, баспа өнімдері ешкімге таратылған жоқ және олар тексеру жұмыстарының хаттамасына тіркелді. Ал тексерулер заң аясында жүргізілді», деді М.Жұманбай.