Алғабас ауылында коронавирус жұқтыру оқиғасы көбейді - Қарағанды облысы
ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат – Ағымдағы жылдың 28 наурызы мен 4 сәуірі аралығында Қарағанды облысы Ұлытау ауданы Алғабас ауылында COVID-19 жұқтырудың 34 оқиғасы тіркелді. Коронавирус жұқтырғандар Жезқазған мен Сәтбаев қалаларының инфекциялық ауруханаларына жеткізілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Қарағанды облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің ақпаратынша, аудан орталығынан 90 шақырым жерде орналасқан Алғабас ауылында 250-ден астам адам тұрады. Денсаулық сақтау басқармасы мамандары эпидемияға қарсы шараларды жүргізу мақсатында Алғабас ауылына барып, коронавирус жұқтырғандармен байланыста болған адамдарды анықтап, қазіргі кезде аурудың таралуын тежеу мақсатында тиісті шаралар жүргізуде.
Тұрғындар ішінде алғашқы болып, басқа жерге барып келген әйел ауырған. Ұлытау ауданының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының қаулысы бойынша санитариялық бекет қойылып, мектеп оқушылары 18 сәуірге дейін қашықтан оқуға жіберілді. Коронавирустың 13 ошағы белгіленіп, жұқтырғандармен байланыста болған 20 адам анықталған. Эпидемияға қарсы шаралар жалғасуда.