Алғаш рет көкпардан ҚР Қарулы Күштерінің штаттық командасы құрылды (ФОТО)

АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Қорғаныс министрлігі Армия орталық спорт клубында алғаш рет ұлттық спорт түрі «Көкпар» бойынша штаттық команда құрылды. Қарулы Күштерінің құрамасы АОСК-ның армиялық спортшылары мен таулы-егерьлік полктің әскери қызметшілерінен жасақталған, деп хабарлады ҚР ҚМ баспасөз қызметі.
None
None

Армия орталық спорт клубы өкілдерінің айтуынша, осындай спорт түрінің енгізілуі мен штаттық команданың құрылуы армиялық спортшыларға спорттың бұл түрінде өнер көрсетіп қана қоймай, сонымен бірге, кәсіби мамандарды даярлауға мүмкіндік береді. Өйткені, қазақстандық армияда таулы жағдайда жауынгерлік арнайы операцияларға қатысу үшін арналған жекелеген бөлімше, яғни, жекелеген таулы-егерьлік полк бар.

Бүгін, Астанада көкпардан армиялық құраманың алғашқы ойыны өтті. Достастық турнирінде армияшылар Қарағанды облысының құрамасымен теке тіреске түсті.

«Көкпардан құрама команда құрудағы негізгі мақсат Қарулы Күштер бойынша республикалық және халықаралық деңгейдегі сайыстарда өнер көрсету», - деді Спорт комитетінің төрағасы - ҚР ҚМ АОСК-ның бастығы Айталап Қорғамбаев.

Алғашқы ойын 3:1 есебімен армиялық спортшылардың жеңісімен аяқталды. «Өмірімді әскери іспен байланыстырамын деп ешқашан ойламаппын. Алайда, АОСК-да көкпардан команда жасақталғанын естіп, мен спорттық ротада қызмет етуге келдім», - деді АОСК спорттық ротасының мерзімді қызметтегі сарбазы Данияр Ғаллинұров атап өтті.

Таулы-егерьлік полктің сержанты Азат Жидебековтің айтуы бойынша, полкте қызмет ету үшін әскери қызметшілер атқа мінудің қыр-сырын білуі, сондай-ақ дене және жауынгерлік даярлығы да керемет болуы тиіс. Сондықтан болар, көкпармен шұғылданатын бозбалалар, әсіресе, ат құлағында еркін ойнайтын ауыл балалары әскерге келеді. Бұл бозбалалардың мерзімді әскери қызмет өткергеннен кейін таулы-егерьлік полкте немесе ҚР ҚМ Армия орталық спорт клубында қызмет етуге барлық мүмкіндіктері бар.

Соңғы жаңалықтар