Алғаш рет мүмкіндігі шектеулі спортшылар арасында конкурдан жарыс өтеді

АСТАНА. KAZINFORM - Астана қаласында алғаш рет мүмкіндігі шектеулі спортшылар арасында ат спортының конкур түрінен «Астана қаласының кубогы» I ашық жарысы өткізіледі.

ат спорты
Фото: Астана спорт басқармасы

Жарысқа Астана, Ақтау, Атырау, Өскемен, Риддер қалаларының спортшылары қатысады деп күтілуде.

Ұйымдастырушылардың айтуынша бұндай арнайы олимпиадалық бағдарламасының спортшылары үшін өтетін жарыс елорда төрінде алғаш рет өтпек.

«Біздің паралимпиадалық спортшылардың әрқайсысы жеңімпаз атағына лайық. Жыл сайын біздің қалада параспортты қолдау шаралары күшейіп келеді және біз осы саланы одан әрі дамыту үшін барлық қажетті жағдайларды жасауды жалғастырамыз. «Арғымақ» кешенінің негізгі байлығы – бұл кез келген деңгейдегі ат спорты бойынша жарыстар өткізуге мүмкіндік беретін спорт ғимараты. Сол себепті осы сәуір айында Астана қаласы әкімінің кубогы үшін мүмкіндігі шектеулі жандар арасында конкурдан ашық біріншілік ұйымдастырылады. Бұндай жарыстар Өскемен, Атырау, Алматы қалаларында ұйымдастырылды. Дегенмен, Астана үшін бұл бірінші және ерекше жайт болмақ» -, дейді «Арғымақ» ат-спорттық кешенінің басшысы Аманжол Хасенов.

Жарыстар жеке және Арнайы Олимпиаданың екі бағдарламасы бойынша яғни, «Мәнерлеп жүру», «Жұмыс жолы» бағдарламасы аясында өтеді. Жарысқа тірек-қозғалыс аппараты зақымданған, интеллектінің дамуында ауытқуы бар 8 жасқа толған мүмкіндігі шектеулі жандар қатыса алады.

Жарыстың ресми ашылуы 13 сәуір күні сағат 10.00-де, «Арғымақ» ат-спорттық сауықтыру кешенінің манежінде өтеді.