Маған ота жасағандарын көрген әкем ұлым осы жолды қуса екен деп армандапты – өскемендік нейрохирург
ӨСКЕМЕН. KAZINFORM – Жылда жаздың алғашқы айының үшінші жексенбісінде атап өтілетін Медицина қызметкері күні биыл 16 маусымға түсіп отыр екен. Бұл ақ халатты абзал жандардың еңбегін бағалап, оларға алғыс айтатын күн.

Өскеменде халықтың ризашылығын, батасын алып жүрген дәрігерлердің бірі - Ана мен бала орталығының бала нейрохирургиясының меңгерушісі Талант Арыстанбеков. Осы ретте, Kazinform агенттігінің тілшісі онымен жолығып, сұхбат құрып қайтқан еді.
- Әңгімемізді осы салаға қалай келгеніңізден бастасақ...
- Медицина саласына келуіме әкем ықпал етті. Үнемі «адам өміріне араша түсетін дәрігер боласың» деп айтып отыратын. Алты жасымда соқырішек болып ауруханаға түскенде, хирургтардың жедел әрекет етіп, маған ота жасағандарын көрген әкем іштей ұлым осы жолды қуса екен деп армандапты. Тоғызыншы сыныптан бастап мақсатты түрде биология пәнін тереңдетіп оқи бастадым. 2004 жылы Семейде педиатрия факультетіне түсіп, 2010 жылы балалар хирургиясын тәмәмдадым. Өскемендегі Ана мен бала орталығында нейрохирургия бөлімінде білікті мамандардың қол астында жүріп, балалар нейрохирургиясына деген қызығушылығым оянды. 2011 жылы Астанада балалар нейрохирургия ғылыми орталығында біліктілігімді арттырып, 2012 жылдан бері Ана мен бала орталығында нейрохирург болып жұмыс істеп келемін. Қазір осы бөлімнің меңгерушісімін.

- Не себепті медицинаның дәл осы хирургия саласына бет бұрдыңыз ?
- Нейрохирургияны барлық хирургияның элитасы деуге болады. Балаларға көмек көрсетуге, емдеуге бір бүйірім бұрып тұрады. Нейрохирургия өзімнің салам екенін сезіп, өз қалауыммен келдім. Өкінішке қарай, сәбилерде туа біткен әртүрлі бас, ми жарақаттары басқа да аурулар жиі кездеседі. Дәрігердің еміне мұқтаж балаларды қолымыздан келгенше емдеп, рухани да қолдау білдіреміз.
- Жұмысқа алғаш келген сәтіңіз есіңізде ме? Басында ауыр болған шығар ?
- Нәресте шыр етіп дүниеге келген кезде «К» дәруменінің инъекциясы салынады. Мен алғаш рет 2011 жылы еңбек жолымды бастап жатқанда осы дәруменді салу тоқтатылды. Сол біз үшін қиынға соқты. Себебі, кейбір сәбилерде алғашқы қырық күнде басына қан құйылулар болады. Отаға түскен шақалақтардың 95%-і мүгедектік алып жатады. Осындай оқиғалармен бетпе-бет келу өте ауыр тиді. Өзіңнің себеп болуыңмен кейбір балалардың сауығып кеткенін көріп, жүрегің жылып, қуанып қаласың. Ең бастысы балалар ауырмасын дейміз. Көмек керек сәбилерге лайықты медициналық ем көрсетуге дайынбыз.

- Нейрохирургия сізді несімен қызықытрады және қиындықтары бар ?
- Бір баланың аяққа тұруына себеп болып жатсақ, қатты қуанамыз. Мүгедектігі алынып, толыққанды дені сау өмір салтына араласқанын көргенде қанаттанып, босқа өмір сүріп жатпағанымызға риза боламыз. Басқа адамның өміріне араша түсу дәрігерлер үшін абыройлы міндет. Бірақ барлығы тек біздің қолымызда емес, өкінішті жайттарды көргенде құлазып қаламыз. Гидрацифалия және бас-ми жарақаты бар балалармен туысымыз сияқты өте жақын араласып кетеміз. Себебі олар дүниеге келген сәтінен бастап он сегіз жасқа дейін біздің бақылауымызда болады. Жиі қабылдауға келеді, ақыл-кеңес сұрап тұрады. Осы орайда, балаларды үйде немесе далада қауіпсіз ортамен қамтамасыз ету керек деп айтып өткім келеді. Көктем, жаз мезгілінде көпқабатты үйлердің жоғары қабатынан балалардың абайсызда құлап кетуі жиі болады. Өзен-көлдерге шомылу кезінде жасөспірімдердің суға дұрыс секірмеуінен омыртқа жарақаттарын алады. Қыс мезгілінде жол-көлік оқиғалары салдарынан жабық бас-ми жарақаттары жиілейді.
- Күйзеліске түсіп кететін сәттеріңіз бола ма ?
- Жүрекке ауыр тиетін жағдайлар болса да, осы саладан кетуді ойлаған емеспін. Келесі балаға қалай көмектесеміз деп әріптестерімізбен пікір алмасып, шеберлік сағаттарына қатысып, білікті, тәжірибелі мамандардан білімізді әрдайым арттырып, жаңартып тұрамыз.
- Ең алғаш рет қандай ота жасадыңыз ?
- Қырық күндік баланың миына қан құйылып, ассистент ретінде отаға қатыстым. Бәрі ойдағыдай өтті. Ол бала қазір мектебін үздік оқып жатыр. Әлі күнге дейін біздің бақылауымызда.
- Қазақстандағы, оның ішінде ШҚО-дағы медицина саласының дамуына қандай баға бересіз ?
- Елімізде соңғы 2-3 жылда балалар нейрохирургиясы қарқынды дамып келе жатыр. Алғашында балалар нейрохирургиясы Астана, Алматы қалаларында ғана болған. 2005 жылы ШҚО-да ашылды. Қазір облыс орталықтарындағы әр қалада бар. Еліміздің бас қалаларында балалар церебралды сал ауруы, эпилепсияға оталар жасалып жатыр. Біздің мамандар Астанаға церебралды сал ауруына ота жасауды оқуға кетті. Дәрігерлер біліктілігін арттырып келген соң, науқастарға ота жасауды бастаймыз. Болашақта эпилепсияның кейбір түрлерін Алматы, Астана мен шетелге бармай өзімізде де жасайтын боламыз. Шілде айында ота жасау бойынша шеберлік сағаттары болады. Бұйырса, отаға мұқтаж науқастарға көмек көрсетеміз деп үміттенемін.
- Дәрігер атанғысы келетін адамның бойында қандай қабілеттер болуы тиіс ?
- Ең әуелі жанашырлық, адамгершілік қасиеттер жоғары тұру керек. Өзінің ерік-жігерін қайрай білетін, нақты дәрігер болатынына сенімді жан болған жөн. Науқас балаларды да, олардың ата-анасын да түсіне білуі қажет. Ұрсып, айқайлап жататын кездерде тек қана баланы емдеуді ойлап, ауыр сөздерге мән бермеген абзал. Әр нәрсеге түсіністікпен қарау керек.
- Пациенттермен сыпайы, мәдениетті сөйлесе білу де өнер. Олардың тілін қалай табуға болады ?
- Дәрігерге ешкім жақсы көңіл-күймен келмейді. Бірінші мән-жайды сұрап, мұқият тыңдаймыз. Ашуы басылған соң, ары қарай қалай әрекет ету керектігін түсіндіреміз. Байсалдылықпен жұмысымызды жалғастырамыз.
- Отбасыңыз бар ма ?
- Бар. Әйелім екеуіміз үш ұл тәрбиелеп отырмыз. Өкінішке қарай, отбасына көп көңіл бөле алмай қаламын. Жарым, ұлдарым жұмысыма түсіністікпен қарайды. Науқас балаларға көмек беріп, қоғамға үлесімді тигізіп жатқанымды мақтан тұтады. Оларға жақсы адам болуды күнде айтып отырмасам да, іс-әрекетімнен көріп үлгі алады деп ойлаймын. Адам өміріне араша түсу, ауруына ем тауып беру - борышымыз. Қолым жұмыстан қалт еткенде бала-шағаммен бірге уақыт өткізгенді жақсы көремін. Велосипед тебуді бастап жүрмін, бір жағынан балаларыма да спортты насихаттағым келеді. Балаларым дәрігер боламын деп, менің салама бет бұрса тек қуанамын. Үлкен ұлым биыл мектеп бітіріп, медицина саласын таңдап отыр.
- Дәрігерлер күнінде әріптестеріңізге айтар тілегіңіз қандай ?
- Әріптестеріме зор денсаулық, отбасыларына береке, бақыт тілеймін. Елімізде білікті де білімді мамандар көбейе берсін. Қасымызда жүрген медбикелерге алғыс білдіреміз. Ол кісілердің еңбегі өлшеусіз. Біздің ісіміздің оңынан жүруі медбикелерге де байланысты. Дәрігерлеріміз жанашыр, мейірімді, өз ісіне адал болсын!