Алғашқы Азия ойындарында жеңіс тұғырынан көрінгеніме қуаныштымын — Дмитрий Холмогоров
АЙЧИ.KAZINFORM — Қазақстандық байдарка және каноэ есуші Дмитрий Холмогоров Жапонияда өтіп жатқан ХХ жазғы Азия ойындарында қола жүлде жеңіп алды. Спортшы жарыстан кейін Kazinform тілшісіне қуанышты көңіл-күйін бөлісті.
Спортшы кәсіби мансабында алғаш рет осындай ауқымды бәсекеде өнер көрсетіп жатқанын айтты.
— Жалпы, жарыс нәтижесіне көңілім толады. Бұл менің алғашқы Азия ойындарым. Мұндай ауқымды жарыста алғаш рет бақ сынап тұрмын, және жеңіс тұғырынан көрінгеніме қуаныштымын. Маған қолдау көрсеткен, онымен қатар маған сенген және қасымнан табылған жақындарыма алғыс айтамын, — деді Дмитрий.
Қазақстандық ескекші байрақты додаға тыңғылықты дайындалғанын тілге тиек етті.
— Жарысқа тыңғылықты дайындалдым. Бүгін күн жауынды болды, ауа райы жағдайы мен үшін айтарлықтай қиындық тудырған жоқ. Ең бастысы — өзімді қалай сезінгенім және көңіл-күйім еді, — деді спортшы.
Осыған дейін хабарлағанымыздай, Дмитрий Холмогоров байдарка және каноэде есу спортынан ерлер арасында 500 метр қашықтықты 1 мину 44.453 секундта бағындырып, мәреге үшінші болып жетті.
Сонымен қатар, Сергей Емельянов және Руфина Искакова Азия ойындарының қола жүлдегері атанды.
Қазақстан Азиаданың алтыншы жарыс күнінде бес қола медаль жеңіп алды.