Алғашқы дауыс берген азамат Сәкен Кеңесбайұлы болды - Алматыдағы №482-ші сайлау учаскесінің төрайымы Эльвира Орақбаева
АЛМАТЫ. 3 сәуір. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Алматы қаласы Әуезов ауданы Қалқаман ықшамауданындағы №482-ші сайлау учаскесінің төрайымы Эльвира Орақбаеваның айтуынша,
бүгінгі ауа-райының өзгерісі азаматтарымыздың конституциялық құқығын жүзеге асыруына кедергі бола алмайды. Оны сайлаушылардың белсенділігінен де анық байқауға болады.
«Біздің сайлау учаскесіндегі ең алғашқы дауыс берген Сәкен Кеңесбайұлы деген азамат болды. Жаңа күнді ізгілікті істен бастауды жөн көрген ол таңғы 6-да тұрып ең алдымен ҚР Президенттігінен үміткерлерге өз дауысын беруге келіпті. Сайлау үдерісі 7-де басталатын болғандықтан біраз уақыт күтіп қалғанына қараған ол, «өз таңдауымды жасадым, енді алаңсыз жұмысқа кете беруіме болады», - деді.
"Сайлаушымыздың белсендігі біздің де мерейімізді өсіріп тастады. Әсіресе, сайлау жұмысына алғаш рет қатысып отырған мен үшін бұл ерекше сәт болды», - дейді Эльвира Жетпісбайқызы. Оның айтуынша, №482-ші сайлау учаскесінде жалпы 1898 сайлаушы тіркелген. Қазіргі таңда негізінен жасы 40-тан асқан сайлаушылардың белсенділігі жоғары боп тұр. Ондағы сайлау үдерісін қазіргі таңда Республикалық қоғамдық комиссиядан және «Нұр Отан» ХДП-дан келген 2 бақылаушы қадағалауда.