Алғашқы хандарымыздың тұғырлы белгісін Тұңғыш Президенттің мұражай саябағында орнатуда үлкен мән бар - Н. Назарбаев
Өз сөзінде Мемлекет басшысы Н. Назарбаев, тарихта Керей мен Жәнібек хандардың аттары әрқашан бірдей аталатынын, екі ханның елге жасаған еңбегі мен ерлігі бірдей бағаланатынын еске салды. Сондықтан, Мемлекет басшысы ұлтымыздың ұлы тұлғаларын бөліп-жармай, екі ханға ескерткіш бірге қойылып отырғанын атап өтті.
«Алаш жұртының алғашқы хандары Керей мен Жәнібекке арналған бұл ескерткіштің осы жерде бой көтеруінде үлкен мән бар. Бүгінде тәуелсіздігіміздің бойтұмарына, еліміздің рәмізіне айналған асқақ Астананың алғашқы кірпіші де осы жерде (қазіргі ҚР Тұңғыш Президенті мұражайында) қаланғаны белгілі. Алғашқы ордамыз бастапқыда осы жерде орналасып, маңайында мемлекеттің маңызды мекемелері қоныс тепті. Сондықтан да біз алғашқы хандарымыздың тұғырлы белгісін Тұңғыш Президенттің мұражай саябағында, Астана қаласы әкімдігі ғимаратының қасында орналастыруды жөн санадық», деді Президент.
Сонымен қатар, Президент ескерткішті орнатуға тек сәулетшілер ғана емес, белгілі тарихшы-ғалымдар да үлес қосқанын, кейіпкерлердің сыртқы келбеттерінің сол дәуірге мейлінше сай келуіне баса көңіл бөлінгенін айтты. Бұл ретте сонау дәуірден бері тұңғыш хандардың суреттері мен мүсіндері қалмағанын айта келе, Елбасы «бұндағы басты мәселе - осынау ұлтымыз үшін ұлы тұлғалардың істеген істеріне мән беріп, оны болашаққа, ұрпаққа білдіру» екендігін жеткізді.