Алғашқы қазақстандық мюзикл сахналанды

АСТАНА. ҚазАқпарат - «Қазақконцерт» Орталық концерт залында «Достар серті» мюзиклінің жаңа көрсетілімі өтті. Жаңа музыкалық қойылым бірегей туынды. Алғашқы қазақстандық мюзикл - жуырда «Қазақконцерт» Мемлекеттік концерттік ұйымның жанында ашылған «Astana Musical» жаңа музыкалық театры ұжымының бірлескен еңбегінің жемісі, деп хабарлайды ҚазАқпарат Мәдениет және спорт министрлігінің сайтына сілтеме жасап.

Алғашқы қазақстандық мюзикл сахналанды

«Бұл еліміз үшін маңызды оқиға. Ең алдымен, министрліктің бастамасы мен қолдауының арқасында аты аңызға айналған «Қазақконцерт» концерттік ұйымын сақтап қалдық. Қаншалықты қиын болғанымен, нәтижесінде сүйікті атауды сақтап, Астана қаласында бірегей ұйым құрдық. Бұл жерде 100 пайыз қазақстандық туындылар дүниеге келеді деп толықтай сенемін. Қазақстандықтарға Тәуелсіздігіміздің 25-жылдығына орай осындай сый жасау біз үшін құрмет» - деп атап өтті «Қазақконцерт» мемлекеттік концерттік ұйымының директоры Салтанат Сейдімбек.

Мюзиклдің либреттосын танымал қазақстандық ақын және сценарист Бақыт Қайырбеков жазды. Қойылым музыкасының авторы Қазақстанның еңбегі сіңген қайраткері, дирижер Артур Оренбургский болса, режиссері - Еслям Нұртазин. Ақын, драматург Аннас Бағдат мюзиклді қазақ тіліне аударды.

Қойылымға жас әртістер, Т.Жүргенов атындағы өнер академиясының жоғарғы курс студенттері мен түлектері қатысты. Олардың барлығы бірнеше деңгейлі іріктеуден өтіп, өз рөлдерін алған. Әртістерді таңдаудағы басты талап - вокал, би және актерлік шеберлік болды. Мюзикл орындаушылары мен хоры «Академия солистов» мемлекеттік камералық оркестрі мен Т.Жүргенов атындағы өнер академиясының «Big band» ансамблінің сүйемелдеуімен жанды дауыста ән шырқайды.

Мюзикл желісі бойынша еліміздің әр өңірінен консерваторияға оқуға келген төрт жігіттің басынан кешкен қызықты оқиғалары, жастық шақ, достық пен махаббат жайы баяндалады. Оқиға 60-70-ші жылдар кезеңінде өрбиді. Мюзиклға сол жылдарда әйгілі болған, қазақ музыкасының «алтын қорына» енген: Ш.Қалдаяқов, Е.Хасанғалиев, «Дос-мұқасан» тобының әндері арқау болды. Әлемдік музыканың жауһарлары Франкель, Битлз репертуарының шығармалары орындалады. Сондай-ақ, жаңа стилистикалық бағытта жазылған композициялар да бар.

«Astana Musical» - еліміздегі «Қазақконцерт» мемлекеттік концерттік ұйымының негізінде құрылған тұңғыш мамандандырылған мюзикл театры. Спектакльде жас актерлар өнер көрсетеді. Жаңа театр замануи бағыттарға негізделіп, отандық мюзиклдердің бірегей репертуарының орталығына айналмақ.

Мәдениет қайраткерлерінің пікірінше, «Қазақконцерт» елорданың мәдени әлеуетін арттырып, еліміздегі театр қызметінің алуан түрлі жанрын кеңейтуге мүмкіндік береді. Енді қазақстандық әртістер «Қазақстан» концерт залының мүмкіндігін пайдалана отырып, шеберлігін шыңдап, кәсіби біліктілігін арттыра алады.