Алғашқы жекеменшік ғарыш кемесі Жерге аман-есен оралды
АСТАНА. 9 желтоқсан. ҚазАқпарат - Сәрсенбі, 8 желтоқсан күні орбитаға алғашқы жекеменшік сапарға аттанған SpaceX компаниясының Dragon жекеменшік ғарыш кемесі Жерге аман-есен оралып, Тынық мұхитына қонды. Бұл туралы France-Presse агенттігі хабарлады.
«Dragon ғарыш кемесі мұхитқа аман-есен қонды. Миссия сәтті орындалды!», - деп жазды NASA Twitter-дегі өз микроблогында.
SpaceX компаниясынан хабарлағандай, кеме Тынық мұхитқа Гринвич уақыты бойынша 19:04-те (Астана уақыты бойынша түнгі сағат 01.04-те) қонды.
Dragon кемесін орбитаға алып шыққан Falcon 9 зымырантасымалдағышы кеше, 8 желтоқсан күні Грнвич уақыты бойынша сағат 15:43-те Канаверал мүйісіндегі ғарыш айлағынан ұшырылған болатын. Кеме орбитаға шыққаннан кейін, Жерді екі рет айналып шықты, одан кейін қонуға бет алды.
Осылайша, SpaceX орбитаға ғарыш кемесін ұшырып, аман-есен қондырған алғашқы жекеменшік компания атанды. Компания орбитаға ғарыш туристерін ұшыруды жоспарлап отыр. Кемеде жеті адамға және жүкке орын бар.