Алғыс айту күні бауырмалдық пен татулық мерекесіне айналды - Дәурен Абаев
АСТАНА. ҚазАқпарат - Алғыс айту күні ұлтаралық ынтымақты, бауырмалдық пен татулықты айшықтайтын жылы мерекелердің біріне айналды. Бұл туралы бүгін Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Ең алдымен Сіздерді бүгінгі Алғыс айту күнімен құттықтаймын. Бұл күн ұлтаралық ынтымақты, бауырмалдық пен татулықты айшықтайтын жылы мерекелердің біріне айналды. Жас мемлекетіміз, мәңгілік еліміз үшін қоғамдық келісімнің, бейбіт заманның құны алтыннан да қымбат.
Қазақта: «Алтын алма, алғыс ал. Алтын жердің сыйы, алғыс елдің сыйы» деген астары терең сөз бар. Әрбіріңіздің шаңырақтарыңызға шаттық, отбасыларыңызға амандық тілеймін. Тәуелсіздігіміз тұғырлы, елдігіміз баянды, бауырымыз бүтін болсын», - деді Дәурен Абаев ведомствоның кеңейтілген алқа мәжілісі барысында.
Айта кетейік, 1 наурыз - Қазақстан xалқы Ассамблеясының құрылған күні. Осыдан төрт жыл бұрын Ассамблеяның XXII сессиясында Мемлекет басшыны Нұрсұлтан Назарбаев осы күнді «Алғыс айту күні» деп жариялауды ұсынды.
Аталған шараның негізгі мақсаты - қазақ халқының өзге ұлттарға көрсеткен қамқорлығын ұмытпау, сол үшін ризашылық білдіру. Қазақстан xалқы Ассамблеясының мәліметіне сәйкес, биыл аталған мерекені атап өту аясында республика бойынша 1 570-ке жуық мәдени-көпшілік және қайырымдылық шаралары өтеді. Соның бәріне 1 миллион 400 мыңнан астам адам қатысады деген болжам бар.