Алғыс айту күні: Оңтүстікте көршілер дастархандас болды
Облыс әкімі Жансейіт Түймебаевтың бастамасымен қолға алынған шара барысында көрші орналасқан Сайрам ауданы Қарабұлақ елді мекенінің тұрғындары Түлкібас ауданы Мыңбай, Жамбыл ауылдарының ақсақалдары кездесті. Көршілер арасындағы қарым-қатынасты бекемдеу және көршіге құрмет көрсету мақсатында тұрғындар бір-бірін дастархан басына шақырып, жүздесті. Бір-біріне ілтипат көрсетіп, жергілікті этнос өкілдері қазақ еліне деген ақеділ алғысын білдірді.
Игі шараға облыс әкімінің орынбасары Ұласбек Сәдібеков қатысып, елдің бірлігі, этносаралық татулықты сақтаудың маңызына тоқталды.
«Бірлігімізді көздің қарашығындай сақтап, оның қадірін жете ұғынсақ, ауыл-аймақтағы «тентектерімізді» уақтылы тізгіндеп отырсақ, біз барлық асулардан асамыз. Ал, ішкі татулықтың қадірін білу, оны тереңінен түйсіну, байыпты бағамдау сіздер мен біздерге жүктеліп отырған ауқымды жауапкершілік екенін ұғынуға міндеттіміз», - деді облыс әкімінің орынбасары.
Мұндай іс-шаралар өңірдің барлық аудан қалаларында ұйымдастырылды. Облыс көлемінде өткен мерекелік жиындарға Аналар және қоғамдық келісім кеңестері, этномәдени бірлестіктер және түрлі клубтардан құралған 500-ден астам ұжым атсалысты. Қатысушылар «Көршіге ізет» тақырыбында көршілер арасындағы сыйластық пен ауызбіршілікті және көршіні құрметтеу туралы насихат жұмыстарын жүргізді.
Айта кетейік, облыста жаңа сипатта әрі жаңа мазмұнда бастау алған мерекелік шаралар 1 наурызға дейін жалғасатын болады.