Алғыс айту күнін адамгершілік пен бәріне кешіріммен қарау мерекесі ретінде атап өту керек - Олег Дымов

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының жаңадан тағайындалған орынбасары Олег Дымов Алғыс айту күнін адамгершілік пен бейбітшілікті сүю, бәріне кешіріммен қарау мерекесі ретінде атап өту керектігін айтты.

Алғыс айту күнін адамгершілік пен бәріне кешіріммен қарау мерекесі ретінде атап өту керек - Олег Дымов

«Кезінде «толеранттылық» термині «төзімділік» мағынасын білдірген еді. Уақыт өте келе тек бірлік қана мемлекеттігімізді нығайтып жатқандығын түсінгеннен кейін, толеранттылықты адамгершілікті сүю ретінде қарастыра бастадық. Біз корей күнтізбесі бойынша Жаңа жылды бірге атап өтеміз, Наурыз дастарханына баршамыз жиналамыз, сондай-ақ өзге де мерекелік күндерді бірге атап өтеміз. Ал Алғыс күнін адамгершілік пен бейбітшілікті сүю, баршасына кешіріммен қарау мерекесі ретінде атап өткен жақсы»,- деді О.Дымов Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте.

«Кеше Президент Алғыс күнін атап өтуді ұсынды. Біз өткен 20 жылда жайсыз жағдайлар мен соғыстан аман болдық. Менің ойымша, Алғыс күні атап өтуге лайық мереке. Яғни, бір-бірімізге ризашылықпен қарауымыз қажет», - деді ҚХА Төрағасының орынбасары Любовь Ни.

Оның сөзіне қарағанда, Ассамблея алдында мейрамның және шараның тұжырымдамасын әзірлеу міндеті тұр.

Бұдан бұрын хабарланғандай, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХІІ сессиясында Алғыс айту күнін атап өтуді ұсынған болатын.

«Қазақстан халқы Ассамблеясы құрылған күн - 1 наурызды жыл сайын барлық этностардың бір-біріне және мейірбандылық танытып, ол адамдарды өз туғанындай қабылдаған қазақтарға алғыс айту күні ретінде атап өту әділетті болар еді. Ол күн бізді бұрынғыдан да гөрі жақындастыра түспек. Бұл күн мейірімділіктің, бүкіл қазақстандықтардың бір-біріне деген достығы мен махаббатының жарқын мерекесі бола алар еді», - деді Президент.