Әли Ахмедов Астанада WBC Silver титулы үшін жұдырықтасады

АСТАНА. KAZINFORM - Екінші орта салмақтағы қазақстандық боксшы Әли Ахмедов (23-1, 17 КО) кезекті жекпе-жегін Астанада өткізеді. Бұл туралы боксшы өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында жария етті.

Әли Ахмедов Астанада WBC Silver титулы үшін жұдырықтасады
Фото: instagram.com/ali_akhmedov_officialpage

Әли Ахмедов 28 ақпан күні Астанадағы жекпе-жек сарайында полшалық Мацей Сулецкимен (32-3, 12КО) қолғап түйістіреді. Боксшылар Дүниежүзілік бокс кеңесінің (WBC) екінші орта салмақтағы Silver титулын сарапқа салмақшы.

Айта кетерлігі, бокс кешін қазақстандық AllStarsBoxing промоушені ұйымдастырады. Турнирдің басты жұлдызы - Олимпиада чемпионы Данияр Елеусінов. Сонымен қатар көрермендер Қуат Хамитов пен Мариф Пираев сияқты жұлдыздардың қатысуымен тартысты жекпе-жектерді тамашалайды.

Әли Ахмедов соңғы жекпе-жегін 17 қаңтар күні АҚШ-та өткізіп, америкалық боксшы Малколм Джонсты екінші раундта жеңген болатын.

Бұған дейін кәсіпқой боксшы Данияр Елеусіновтің (12-0, 7 КО) шаршы алаңға қашан оралатыны туралы хабарлаған едік. 

Соңғы жаңалықтар