Әли Ахмедов жеңіліп көрмеген америкалықпен жұдырықтасады
АСТАНА. ҚазАқпарат - Жартылай ауыр салмақта өнер көрсетіп жүрген қазақстандық боксшы Әли Ахмедов (9-0, 7КО) 8 желтоқсан күні АҚШ-та кезекті жекпе-жегін өткізеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
BoxRec порталындағы мәліметтерге қарағанда, Ахмедов жеңіліс дәмін татып көрмеген жергілікті боксшы Дешон Уэбстермен (9-0, 6КО) жұдырықтасады.
Отандасымыз WBC нұсқасы бойынша жастар арасындағы әлем чемпионы (WBC Youth World Light Heavyweight Title) және Солтүстік Америка чемпионы (NABF) белбеуін қорғайды. Бокс кеші АҚШ-тың Техас штаты Раунд-Рок қаласындағы Round Rock Sports Center-де өтеді.
Айта кетейік, Ахмедов соңғы кездесуін 9 қыркүйек күні Астана қаласында өткізіп, америкалық Джастин Томасты сегізінші раундта техникалық нокаутпен жеңген болатын.