Әлібек Қуантыров алдағы 5 жылдағы инфляция деңгейіне болжам жасады
АСТАНА. ҚазАқпарат – 2023 жылы еліміздің жалпы ішкі өнімінің нақты өсімі 4 пайызды құрайды. Бұл туралы Сенаттың жалпы отырысында елдің 2023-2027 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық дамуының болжамы жайында баяндаған Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Болжам 2021 жылы экономиканың өсуі бойынша қорытынды деректерін, халықаралық қаржы ұйымдарының әлемдік экономиканың өсуі мен экспорттық тауарлар бағасы бойынша күтулерін ескере отырып қалыптастырылды. Бұл ретте, халықаралық қаржы ұйымдарының консенсус-болжамына сәйкес 2022 жылы мұнайдың әлемдік бағасы барреліне 104,2 АҚШ доллары деңгейінде күтілуде. 2023 жылы әлемдік экономиканың өсуі 3 пайызды құрайды. Болжам мен бюджеттік параметрлерді қалыптастырудың негізі ретінде базалық сценарий алынды. Осы сценарий бойынша мұнайдың орташа бағасын барреліне 85 доллар деңгейінде қалыптасады. Жалпы ішкі өнімнің орташа жылдық нақты өсуі 3,9 пайызды құрайды», - деді ол.
Министрдің дерегінше, инфляция 2023 жылы – 7,5-9,5 пайыз деңгейінде, 2024 жылы – 4-5 пайыз, 2025-2027 жылдары 3-4 пайыз деңгейінде белгіленді.
«Жалпы ішкі өнімнің нақты өсуі 2023 жылғы 4 пайыздан 2027 жылы 4,2 пайызға дейін жеделдетіледі деп күтілуде. Номиналды жалпы ішкі өнім 120,7 трлн теңгеден 176,6 трлн теңгеге дейін өседі. Мұнай өндіру 2023 жылы 92,6 млн тоннаны құрап, 2027 жылы 99,9 млн тоннаға дейін ұлғаяды. Ұлттық банктің болжамы бойынша экспорт 80,9 млрд АҚШ долларынан 84,6 млрд АҚШ долларына дейін, импорт 45,7 млрд АҚШ долларынан 53,5 млрд АҚШ долларына дейін өседі», - деді Әлібек Қуантыров.
Фото: inbusiness.kz