«АрселорМиттал Теміртауды» мемлекетке қайтару шарты қашан жарияланады

«АрселорМиттал Теміртау» компаниясын мемлекетке өткізу шарттары қараша айының соңында жарияланады. Бұл туралы Мәжілістің жалпы отырысынан кейінгі баспасөз мәслихатында Премьер-Министр Әлихан Смайылов айтты, деп хабарлайды Kazinform. 

«АрселорМиттал Теміртау» компаниясын мемлекетке қайтару шарты қашан жарияланады
Фото: Kazinform

Бүгін Мәжілістің жалпы отырысынан кейін тілшілер Үкімет басшысынан «АрселорМиттал Теміртау» компаниясын мемлекетке қайтару аясында қандай шарттар қойылғанын сұрады.

«Былтырдың желтоқсан айынан «АрселорМиттал Теміртау» компаниясын иелерімен күрделі келіссөздерді бастадық. Біріншіден, біз ішкі инвестициялық ахуалды нашарлатпай, сақтауымыз керек. Елімізде мыңдаған шетелдік инвестор бар. Сонымен қатар қосымша ауқымды инвестицияларды тарту мақсатымыз бар», - деді Ә.Смайылов.

Мұнымен қоса ол бұл мәселеде халықаралық соттарда қаралатын дау-дамайға жеткізбеу керек екенін айтты.

«Екіншіден, «АрселорМиттал Теміртау» ірі компания екенін ұмытпау керек. Ол жерде 30 мыңнан астам адам жұмыс істеп жатыр. Сондықтан бұл ірі компанияның тұрақты жұмысы қамтамасыз етілуі тиіс. Бұл тұрғыда жоғарыда аталған келіссөздер біраз уақыт алды. 22 қазан күні алдын ала тиісті шартқа қол қойдық. Осы «АрселорМиттал Теміртау» компаниясын Қазақстан Республикасының меншігіне өткізу шарттарын келістік. Әзірге бұл шартты жария ете алмаймыз. Себебі заңды рәсімдерді толықтай аяқтауымыз керек. Алдын ала жасалған келісім бойынша біз 30 қарашаға дейін, яғни бір айдың ішінде барлық рәсімдерді аяқтауымыз қажет. Содан кейін барша ақпаратты жариялаймыз», - деді Премьер-Министр.

Бұдан бұрын хабарланғандай, «АрселорМиттал Теміртау» АҚ мемлекет меншігіне қайтарылады.