Әлихан Смайылов автомобильмен халықаралық жүк тасымалдаушылардың шағымдары туралы айтты

Бүгін Үкімет отырысында Премьер-Министр Әлихан Смайылов автомобильмен халықаралық жүк тасымалдаудағы кедергілерді атады, деп хабарлайды Kazinform.

әлихан смайылов
Фото: primeminister.kz

«Автомобиль көлігімен жүк тасымалдау саласының дамуы экономиканың барлық секторларына оң әсерін тигізеді. Қазіргі таңда Қазақстан арқылы 8 халықаралық автомобиль дәлізі өтеді. Олардың жалпы ұзындығы шамамен 13 мың шақырымды құрайды. Негізгі күре жолдардың қатарында Батыс Еуропа – Батыс Қытай, Солтүстік – Оңтүстік, ТРАСЕКА және басқаларын айтуға болады. Сондықтан, аталған бағыттар бойынша жүк тасымалын ұлғайту және жүктердің жылдам өтуін қамтамасыз ету үшін бұл саладағы кедергілерді барынша қысқарту қажет», - деді Үкімет басшысы.

Премьер-Министр мұндай кедергілердің қатарында шекарадағы кептелістер мен құжаттардың ұзақ рәсімделуін, инфрақұрылым сапасын, ұйымдастыру жұмыстарының нашарлығын және көптеген басқа да жайттарды жатқызуға болатындығын айтты.

«Көлік иелерінен келіп түсетін шағымдар көбіне осы мәселелерге қатысты. Сонымен қатар, жүктер мен құжаттардың тым ұзақ тексерілуі де наразылық туғызады. Цифрлық технологиялар мен ақпараттық жүйелердің интеграциясы арқылы бұл мәселелерді осы уақытқа дейін бір жүйеге келтіруге болатын еді. Оның үстіне, жүктерді бөліп-таратудың аса маңызды инфрақұрылымдық буыны болып табылатын бонд қоймаларын дамыту қажет. Мұндай әлемдік тәжірибе біздегі өткізу пункттердің жүктемесін азайтып, тасымал көлемін ұлғайтуға мүмкіндік береді», - деді Әлихан Смайылов.