Әлихан Смайылов ЕАЭО елдеріне бірыңғай цифрлық платформа құруды ұсынды
АЛМАТЫ. KAZINFORM – Премьер-Министр Әлихан Смайылов ЕАЭО елдеріне технологиялық шешімдер, патенттер мен инновациялық идеялар алмасу үшін бірыңғай цифрлық платформа құруды ұсынды.

«Біз жасанды интеллект саласындағы зерттеулерді бірлесіп жүргізуге және деректерді өңдеп, талдау үшін қажетті ортақ инфрақұрылымды құруға дайынбыз. Сондай-ақ, біз өз жобаларымызбен және тәжірибемізбен бөлісуге әзірміз. Технологиялық шешімдер, патенттер мен инновациялық идеялармен алмасу үшін бірыңғай цифрлық платформа құруды ұсынамыз», - деді Әлихан Смайылов Digital Almaty: Industry X» цифрлық форумында.
Үкімет басшысының айтуынша, бұл елдер арасындағы өзара іс-қимылды жақсартып, аймақтағы кәсіпкерлер мен зерттеушілерге соңғы технологияларға қол жеткізуге мүмкіндік береді.
Бұған дейін ол Қазақстанда «қолжетімді интернет» ұлттық жобасы қабылданғанын айтқан болатын.
Еске салайық, Алматыда Еуразиялық үкіметаралық кеңес мүшелерінің пленарлық отырысы өтіп жатыр.