Әлихан Смайылов коммуналдық гидротехникалық құрылыстарды жан-жақты тексеруді тапсырды
АСТАНА. KAZINORM – Бүгін Үкімет отырысында Премьер-Министр Әлихан Смайылов Өнеркәсіп министрлігіне отандық су үнемдеу жабдықтары өндірісін ұйымдастыруға қатысты ұсыныс енгізуді тапсырды.
«Өңір әкімдіктері 1 айлық мерзімде коммуналдық суару мен жеке суару жүйелерін қалпына келтіру және оларды цифрландыру бойынша жол карталарын қабылдаулары қажет. Сондай-ақ коммуналдық гидротехникалық құрылыстарды жан-жақты тексеру керек», — деді Үкімет басшысы.
Оның атап өтуінше, тұжырымдаманы тиімді іске асыру үшін су саласын дамытудың кешенді жоспарын қабылдау қарастырылған.
«Бұл жоспар тұжырымдаманы модернизациялау мен салуды қарастыратын су инфрақұрылымы объектілерінің нақты тізбесімен толықтырады. Сондықтан Су ресурстары министрлігі 2 апталық мерзімде Кешенді жоспардың жобасын Үкімет Аппаратына енгізуді қамтамасыз етсін. Өнеркәсіп министрлігі Су ресурстары және Ауыл шаруашылығы министрліктерімен бірге 1 ай мерзімде отандық су үнемдеу жабдықтарының өндірісін ұйымдастыру жөнінде нақты ұсыныстар енгізсін», — деді Әлихан Смайылов.