Әлихан Смайылов 1-жартыжылдықта өсім көрсеткен салаларды атады

АСТАНА. ҚазАқпарат – Бүгін Үкімет отырысында Премьер-Министр Әлихан Смайылов 1-жартыжылдықта өсім көрсеткен салаларды атады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Әлихан Смайылов 1-жартыжылдықта өсім көрсеткен салаларды атады
Фото: primeminister.kz

«Бірінші жартыжылдықтың қорытындысы бойынша жалпы ішкі өнім 5 пайызға нақты түрде өсіп отыр. Негізінен бұған тау-кен өндіру және өңдеу өнеркәсібі, құрылыс және қызмет көрсету салалары үлес қосты. Өңдеу өнеркәсібі бойынша машина жасауда – шамамен 30, оның ішінде автомобиль жасауда – 40, локомотивтер мен вагондар өндірісінде – 36, электр жабдықтарын шығаруда 35 пайыз өсім тіркелді. Жеңіл өнеркәсіп – 24, оның ішінде текстиль өндірісі 42 пайызға жуық өсті», - деді ол.

Үкімет басшысының дерегінше, сусындар, азық-түлік, пластмасса бұйымдары, минералды өнімдер, дайын металл бұйымдары өндірісі де ұлғайды. Химия өнеркәсібінде өсім 3,5 пайызды құрады.

«Тау-кен саласындағы оң серпін шикі мұнайдың 5,6 және табиғи газдың 2,5 пайыз ұлғаюы есебінен қамтамасыз етілді. Құрылыста 12 пайыздан астам орнықты өсім қалыптасты. Ауыл шаруашылығында өсім – 3 пайыз. Қызмет көрсету саласы шамамен 5 пайызға өсті. Ол сауда-саттықтың - 10,4, ақпарат пен байланыстың - 8,8 және көлік саласының 7,4 пайызға өсуі есебінен қамтамасыз етілді. Тау-кен өндіруді есепке алмағанда негізгі капиталға салынған инвестициялар 14 пайызға жуық өсті», - деді Әлихан Смайылов.