Әлихан Смайылов әйелдердің зейнет жасын төмендету үшін тиісті өзгерістер енгізуді тапсырды
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қандастарды қоныстандыру саясатын түбегейлі реформалау үшін қажетті іс-шаралар қабылданады. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Еңбек министрлігі Қаржы және Ұлттық экономика министрліктерімен бірлесіп, ең төменгі жалақы мөлшерін көтеру мәселесін пысықтауы қажет. Әлеуметтік қамсыздандыру жүйесіне өзгерістер енгізу, бала күтімі бойынша және жұмыссыз қалғанда берілетін әлеуметтік төлемдерді ұлғайту, Отбасының цифрлық картасы мен Әлеуметтік әмиянды енгізу бойынша жұмысты жалғастыру керек», - деді Әлихан Смайылов.
Премьер-Министр қандастарды қоныстандыру саясатын түбегейлі реформалау және ішкі миграцияны реттеу үшін барлық қажетті шараларды қабылдау керектігін баса айтты.
«Жиынтық зейнетақының мөлшерін ұлғайту, әйелдердің зейнет жасын 61 жасқа дейін төмендету және Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының инвестициялық тартымдылығын қамтамасыз ету үшін зейнетақы заңнамасына тиісті өзгерістер енгізілсін», - деді Үкімет басшысы.