Әлихан Смайылов азаматтардың несиесін өтеу туралы Президент Жарлығын түсіндірді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары - Қаржы министрі Әлихан Смайылов Президенттің 2019 жылғы 26 маусымдағы «Қазақстан Республикасы азаматтарының борыш жүктемесін азайту туралы» №34 Жарлығын түсіндіріп берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Еліміздегі әлеуметтік осал топтағы азаматтар - көпбалалы отбасылар, мүгедек балалары бар отбасылар, жалғыз асыраушысынан айырылған отбасылар, атаулы әлеуметтік көмек алатындар және жетім балалар түрлі себептермен қиын жағдайға тап болып, өз аттарына алған несиелік міндеттемелерін орындай алмай отыр. Бұл мәселе 500 мыңға жуық несие алушының тұрмысына тікелей әсер етуде. Сондықтан, Президент бұрын-соңды болмаған теңдессіз әлеуметтік көмек көрсету туралы шешім қабылдады. Тиісті Жарлыққа қол қойылды. Басты мақсат - қиын жағдайға тап болған азаматтарға көмектесу, оларға өздерінің отбасыларының қаржылық ахуалын айтарлықтай жақсартуға мүмкіндік беру», - деді Әлихан Смайылов бүгін Үкіметтің баспасөз орталығында.

Оның айтуынша, Жарлықта Үкіметке және Ұлттық банкке бірреттік акция ретінде келесі шараларды қабылдау тапсырылған.

«Тікелей және атаулы қаржылай көмек ретінде аталған санаттағы азаматтар үшін мемлекет екінші деңгейлі банктер мен шағын қаржы ұйымдарынан алынған жалпы мөлшері 300 мың теңгеге дейін негізгі несиені және оған есептелген сыйақыны өтейді. Бұдан бөлек, олардың биылғы 1 маусымға дейінгі қарыздарының жалпы көлемі 3 млн теңгеден аспауы тиіс», - деді ол.

Әлихан Смайыловтың айтуына қарағанда, 2019 жылдың 1 шілдесіндегі мәлімет бойынша, банктерде және шағын қаржы ұйымдарында кепілсіз тұтыну қарыздары бар барлық азаматтар үшін есептелген айыппұлдар мен төлемақы өсімдері есептен шығарылады. Несие алушылардың аталған төлемдерін есептен шығару, ең алдымен, екінші деңгейдегі банктер мен шағын қаржы ұйымдарының есебінен жүргізіледі. Сонымен қатар, несие беруге, несиеге қатысты қызмет көрсетуге және жеке тұлғалардың 90 күннен астам мерзімі өткен барлық кепілсіз қарыздарына байланысты өсімпұл, комиссия және өзге де төлемдер есептеуге тыйым салынады.

«Тұтынушылық несиелерге қатысты қалыптасып отырған жағдай қайталанбауы тиіс. Бұл - Президенттің ұстанымы. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша мұндай ахуалдың алдын алу мақсатында Ұлттық банк реттеу сипатындағы қатаң шаралар қабылдап, шектен тыс тәуекелге барғаны үшін қаржы ұйымдарына жүктелетін жауапкершілікті күшейтуі тиіс. Қаржылық ахуалын одан әрі нашарлатпау үшін табысы ең төменгі күнкөріс деңгейіндегі азаматтарға займдар беруге тыйым салынатын болады. Ұлттық банк кепілсіз тұтыну займдарын беру кезінде қосымша реттеу шараларын қабылдайды. Олардың ішінде - займ алушының жалпы қарыздық коэффициенті, банктердің жеке капиталына деген қосымша талаптар және басқалары», - деді Үкімет басшысының бірінші орынбасары.

Айта кетсек, кеше ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан Республикасы азаматтарының қарыз жүктемесін азайту туралы» Жарлыққа қол қойған болатын.

Соңғы жаңалықтар
telegram