Әлихан Смайылов экономиканы жаңғырту жөніндегі мемлекеттік комиссияның отырысын өткізді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов Қазақстан экономикасын жаңғырту мәселелері жөніндегі мемлекеттік комиссияның отырысын өткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Үкімет баспасөз қызметінің мәліметінше , отырыста салық салу нормалары, оның ішінде салық салу мақсаттары үшін «роялти» ұғымын қолдану, энергия өндіруші ұйымдардың мүлкіне салық салу объектісін айқындау бойынша, сондай-ақ ҚҚС есепке жатқызу әдісімен төленетін тауарлардың жаңартылған тізбесін қолдану мерзімі қаралған.

Талқылау қорытындысы бойынша Премьер-Министр алғашқы екі мәселені барлық мүдделі тараптардың пікірін және әлеуметтік-экономикалық жағдайға ықтимал әсерін ескере отырып, қосымша пысықтауды тапсырды.

Сондай-ақ отырыста Қызылорда облысы Арал ауданы аумағында кальцийленген сода өндіру зауытын салу жобасы қаралды.

Оны іске асыру шамамен 140 млрд теңге инвестиция тартуға, 700-ден астам тұрақты жұмыс орнын ашуға және жылына 300 мың тоннаға жуық өнім өндіру есебінен импортты алмастыруға мүмкіндік береді.

Премьер-Министр зауытқа қажетті инфрақұрылым құрылысын қаржыландыру мүмкіндігін қарастыруды, сондай-ақ жобаны инвестор тарту тұрғысынан пысықтауды жалғастыруды тапсырды.

Сонымен қатар отырысқа қатысушылар Ақтауда көпфункционалды қонақ үй-туристік кешен салу мәселелерін талқылады.

Бұл 170 млрд теңге инвестиция тартуға, 4000-ға жуық тікелей және жанама жұмыс орнын ашуға, сондай-ақ Маңғыстау облысына туристік ағынды 850 мың адамға дейін ұлғайтуға мүмкіндік береді.

Үкімет басшысы жобаны іске асыруды жеделдетуді және құрылысы басталған барлық объектілерді аяқтау үшін «ҚДБ» АҚ бюджеттік несие бөлу мүмкіндігін қарастыруды тапсырды.

Отырысқа қатысушылар мемлекет иелігінен алу және жекешелендіру мәселелері жөнінде ұсыныстар әзірлеу бойынша жұмыс тобын құру мәселесін де қарастырды.






Фото: primeminister.kz



Соңғы жаңалықтар
telegram