Әлихан Смайылов инфляцияның биылғы межесін атады
АСТАНА. ҚазАқпарат – Үкімет басшысы Әлихан Смайылов Сауда және интеграция министрлігіне әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын әдейі өсіру фактілерінің жолын кесуді тапсырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Біріншіден, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағасының тұрақтылығын қамтамасыз ету қажет. Халық үшін бұл жұмыстардың маңызы өте зор және ол Мемлекет басшысының ерекше бақылауында», - деді Премьер-Министр.
Оның айтуынша, баға белгілеуге көптеген факторлар әсер етеді.
«Министрлік тиісті мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдармен бірге үйлесімді жұмыс істеуі тиіс. Делдалдық әрекеттерді анықтау және әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын әдейі өсіру фактілерінің жолын кесу үшін тиісті жұмыстарды күшейтуді тапсырамын.
Сондай-ақ сауда үстемесі мен сыйақыларды, жаңа форматтағы айналым схемасын іске асыруды бақылауды белсенді түрде жүргізу қажет. 2023 жылы инфляция деңгейі 9,5%-тен аспауы тиіс. Бұл – біздің басты міндетіміз», - деді Әлихан Смайылов.