Әлихан Смайылов медициалық техникаларды тікелей өндірушілерден сатып алу мәселесін пысықтауды тапсырды

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Алдымызда әрбір азамат үшін медициналық көмектің сапасы мен қолжетімділігін жақсарту міндеті тұр. Бұл туралы Үкімет отырысында ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов айтты деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Әлихан Смайылов медициалық техникаларды тікелей өндірушілерден сатып алу мәселесін пысықтауды тапсырды

«Денсаулық сақтау саласы бойынша біздің алдымызда әрбір азамат үшін медициналық көмектің сапасы мен қолжетімділігін жақсарту міндеті тұр. Ол үшін, ең алдымен, денсаулық сақтау объектілерінің инфрақұрылымын жақсартып, медициналық ұйымдарды заманауи жабдықтармен қамтамасыз ету қажет. Денсаулық сақтау министрлігі мүдделі мемлекеттік органдармен, әкімдіктермен бірлесіп, ауруханалар салу бойынша мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобаларын тиімді іске асыру үшін жобаның бірыңғай және оңтайлы нұсқасын әзірлеуі қажет», - деді Үкімет басшысы.

Осы орайда Әлихан Смайылов Мемлекет басшысы медициналық техниканы бір орталықтан сатып алуды қамтамасыз етуді тапсырғанын еске салды.

«Денсаулық сақтау министрлігіне шұғыл түрде «СҚ-Фармация» базасында бір орталықтан сатып алу мәселесін, сондай-ақ медтехниканы сервисімен қоса тікелей өндірушілерден сатып алу мәселесін пысықтауды тапсырамын. Алдағы кезеңде басым бағыттар бойынша медициналық техникаға қосымша қажеттілікті анықтау керек. Сатып алудың ашықтығын қамтамасыз ету үшін бұл процесті толығымен автоматтандыру қажет», - деді Премьер-Министр.