Әлихан Смайылов министрлерге өңірлердегі мәселені уақытылы шешуге қатысты тапсырма берді
«Мемлекет басшысы министрлердің және әкімдердің халықпен кездесулерінде жиі көтерілетін мәселелерге жүйелі түрде мониторинг жүргізуді тапсырды. Сондықтан, халықпен қарым-қатынас жасаудың жаңа форматына көшіп, оларды толғандыратын мәселелерді шұғыл шешудің нақты алгоритмдерін әзірлеу қажет. Мониторинг көптеген сұрақтардың жыл сайын қайталанатынын көрсетті, яғни оларды түпкілікті шешу керек», - деді Ә. Смайылов.
Осы орайда Үкімет басшысы өңірлерде негізінен тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, құрылыс, ауыл шаруашылығы және жер қатынастары, сондай-ақ баға мәселесіне қатысты тақырыптар жиі көтерілетінін айтты.
«Олардың басым бөлігі министрлердің халықпен кездесулерінде жергілікті атқарушы органдардың қатысуымен сол жерде шешілді. Ал, қалған мәселелер мемлекеттік органдардың Іс-қимыл жоспарларына енгізілді. Оларды шешуге уақыт керек. Кейбіріне заңнамалық өзгерістер, қосымша қаржыландыру немесе басқа ведомстволардың шешімдері қажет. Сондықтан, барлық министрлер мемлекеттік органдардың Іс-қимыл жоспарларына енгізілген мәселелерді уақытылы шешуді қамтамасыз етуі тиіс», - деді Премьер-Министр.
Бұдан бұрын хабарланғандай, Үкіметте орталық органдар басшыларының халықпен кездесу қорытындылары жарияланды.
2022 жылы барлық деңгейдегі әкімдер халықпен 28,3 мың кездесу өткізді.
Фото: primeminister.kz