Әлихан Смайылов өрт сөндіріп жүріп көз жұмған Арслан Құрманбековтің туыстарына көңіл айтты

АСТАНА. ҚазАқпарат – Табиғи өртке қарсы дайындық шаралары талапқа сай болмай тұр. Бұл туралы Үкімет отырысында Премьер-Министр Әлихан Смайылов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None

«Қазгидромет болжамынша биылғы жаз мезгілі жылдағыдан ыстық әрі құрғақ болады деп күтіліп отыр. Әсіресе, еліміздің батысы мен шығысында және оңтүстігінде өрт қаупі күшеюі мүмкін. Сондықтан, төтенше жағдайлардың алдын-алуға баса көңіл бөлу керек. Қазірдің өзінде кей өңірде күрделі жағдай қалыптасып отыр», - деді Үкімет басшысы.

Премьер-Министр өткен аптада Қазақстанның солтүстігінде және Ресейдің шекаралас аймақтарында болған өрттің түтіні елордаға дейін жеткенін атап өтті.

«Ал табиғи өрттерге қарсы дайындық шаралары талапқа сай болмай тұр. Біз мұның қайғылы жағдайларға әкеліп соғатынын көріп отырмыз. Мәселен, өткен аптада ғана Іле Алатауы ұлттық паркінде болған өртті сөндіру кезінде сержант Арслан Құрманбеков қаза тапты. Үкіметтің және жеке өз атымнан марқұмның туыстары мен жақындарына көңіл айтамын. Төтенше жағдайлар министрлігі мен Алматы қаласының әкімдігі қайтыс болған сержанттың отбасына көмек көрсетуі қажет», - деді Әлихан Смайылов.

Еске сала кетейік, бүгін таңертең Президент Жарлығымен Алматы іргесіндегі өрт кезінде қаза тапқан өрт сөндіруші Арслан Құрманбеков ІІІ дәрежелі «Айбын» орденімен марапатталды.


Соңғы жаңалықтар