19:20, 12 Шілде 2022 | GMT +5
Әлихан Смайылов Синдзо Абэнің отбасына және Жапония халқына көңіл айтты
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов Жапония елшілігіне барып, көрнекті саяси қайраткер, бұрынғы Премьер-Министр Синдзо Абэнің қаза болуына байланысты осы елдің халқына көңіл айтты.
Дипломатиялық миссия басшысы Джуну Ямадемен әңгімелесу барысында Әлихан Смайылов Қазақстанның Абэ мырзаны өз елінің патриоты және Қазақстан-Жапония қарым-қатынастарының дамуына елеулі үлес қосқан саясаткер ретінде білетінін атап өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«Синдзо Абэ Жапонияның дамуы үшін ғана емес, халықаралық ынтымақтастықты нығайту үшін де көп еңбек етті. Осы қиын сәтте Қазақстан Үкіметінің және жеке өзімнің атымнан Абэ мырзаның отбасына және бүкіл жапон халқына көңіл айтамын», — деді Үкімет басшысы.
ҚР Премьер-Министрі елшілікке барған кезде көңіл айту кітабына жазба қалдырды.
Фото: primeminister.kz