Әлихан Смайылов тау-кен саласындағы өндіріс көлемін қалпына келтіруді тапсырды

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Премьер-Министр Әлихан Смайылов Индустрия министрлігіне тау-кен саласындағы өндіріс көлемін қалпына келтіруді тапсырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Үкіметтің алдына қазіргі уақыттың талаптары мен сынақтарына жауап беретін жаңа мақсат-міндеттерді қойып отыр. Олар Президенттің Сайлауалды бағдарламасында, Қазақстан халқына Жолдауында және Үкіметтің кеңейтілген мәжілісінде берілген. Индустрия министрлігі – еліміздегі аса маңызды жобаларды жүзеге асыратын негізгі мемлекеттік органның бірі. Бұл сіздердің ұжымдарыңызға зор жауапкершілік жүктейді», - деді Әлихан Смайылов Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің кеңейтілген алқа отырысында.

Осы орайда, Үкімет басшысы министрлік назар аударуы тиіс бағыттарға тоқталды.

«2022 жылдың қорытындысы бойынша өңдеу өнеркәсібіндегі өндіріс көлемі 3,4 пайызға өсті. Дегенмен, 2021 жылға қарағанда былтыр тау-кен өндіру саласының даму қарқыны біршама баяулап кетті. Оған әлемдегі күрделі геосаяси жағдай, жаһандық логистикалық бағыттардың бұзылуы сияқты көптеген факторлар әсер еткені белгілі. Соған қарамастан, тау-кен саласындағы өндіріс көлемін қалпына келтіріп, тұрақты өсуді қамтамасыз ету өте маңызды», - деді Үкімет басшысы.


Соңғы жаңалықтар
telegram