Әлихан Смайылов жеке мәліметтер туралы: Қауіп-қатердің алдын алу маңызды
Премьер-Министр Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің кеңейтілген алқа отырысында қазақстандықтардың жеке мәліметтері қауіпсіздігін қамтуға ерекше мән беруді атап өтті.
«Технологияның жылдам дамуын ескере отырып, ақпарат және деректер қауіпсіздігі мәселесін естен шығармау керек. Оның ішінде жеке мәліметтер қауіпсіздігі де бар. Қауіп-қатердің алдын алу – өте маңызды. Осы орайда, министрлік орталық және жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, ақпараттық жүйелердің 100% қорғалуын қамтамасыз ету жөнінде кешенді шаралар қабылдауы керек. Сондай-ақ, Астана хабтың қызметін кеңейтіп, тәжірибесін жоғары оқу орындары базасында және өңірлік деңгейде дамыту қажет», - деді Әлихан Смайылов жиын барысында.
Премьер-Министр өңірлердегі дарынды жастарға қолдау көрсетіп, жағдай жасау керектігін айтты. Өңір жастарына IT мәдениет, инновациялық идеялар мен үздік тәжірибені үйреніп, халықаралық нарыққа шығуда тең мүмкіндік жасалуы керек.
«Технологиялық кәсіпкерлікті дамытып, бәсекеге қабілетті IT бағдарламалармен жұмыс істеу маңызды. Министрлік бұл міндетті іске асыру үшін барлық өңірде «Астана хаб» үлгісі бойынша технологиялық орталықтар ашуы қажет. Бұл мәселені жергілікті әкімдіктермен пысықтаған жөн», - дейді Үкімет басшысы.
Бұған дейін Ә. Смайылов елімізде 5G енгізуді 2027 жылға дейін аяқтауды жүктеген еді.