Алик Шпекбаев: Мемлекеттік аппараттың басты міндеті – азаматтарға қолжетімді қызмет көрсету

None
None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Алик Шпекбаев Атырау облысындағы ашықтық, айқындық және есептілік қағидаттарын іске асыру барысымен танысты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Агенттік төрағасы алдымен Жылыой ауданына барып, Құлсары қаласындағы халықты жұмыспен қамту орталығының, халықты әлеуметтік қорғау және жұмыспен қамту бөлімінде ашылған фронт-офистің жұмысына назар аударды.

«Қазіргі заманғы мемлекеттік аппараттың басты міндеті – клиентке бағдарлану және азаматтарға қолайлы жағдайда қызмет көрсету. Мемлекеттік қызметшілер тұрғындардың өтініш-тілегін мұқият тыңдауы керек. Өйткені, әр тұрғынның алдында бюрократиялық қабырға туындамауы тиіс», - деді агенттік төрағасы Алик Шпекбаев.

Төрағаның айтуынша, мемлекеттік органдардың мұндай трансформациясы қоғаммен белсенді өзара іс-қимыл жасаудың және мемлекеттік аппараттың азаматтардың сұрау салуына сезімталдығын арттырудың түйінді шарты болуы керек.

Атырау облысында фронт-офистер және «опенспейстер» форматында 45-тен астам мемлекеттік орган мен мекеме жұмыс істейді. Электрондық мемлекеттік қызметтерді ыңғайлы алуды қамтамасыз ету үшін ауылдық округтер әкімдіктері мен мектептердің ғимаратында өзіне-өзі қызмет көрсету бұрышы ашылған. Онда әкімдіктердің арнайы қызметкерлері мен информатика пәнінің мұғалімдері азаматтарға электрондық үкімет порталында қолжетімді қызметтерді өз бетінше алуына көмектеседі.

Агенттік төрағасы Жылыой ауданының азаматтарын жеке қабылдады. Онда азаматтар бірнеше ай бойы шешімін таппаған өзекті мәселелерімен бөлісті.

Ал Махамбет ауданындағы «Азаматтарға арналған үкімет мемлекеттік корпорациясы» КЕАҚ филиалының жаңа әкімшілік ғимаратында электронды қызмет көрсету барысымен танысты. Мұнда биыл 23 мыңнан астам мемлекеттік қызмет көрсетілген. Оның ішінде өзіне-өзі қызмет көрсету секторы арқылы электрондық онлайн-форматта 12 мыңнан астам мемлекеттік қызмет бар.

ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Алик Шпекбаев Елбасы Н. Назарбаевтың 2018 жылғы 5 қазандағы Жолдауында айтылған мемлекеттік қызметтерді электрондық форматқа көшіру жөніндегі тапсырмасының орындалғанын атап өтті.

«Қазақстан электрондық үкіметті дамыту бойынша 30 елдің қатарына кіреді. Көрсетілетін қызметтердің 90%-дан астамы халық үшін онлайн форматта беріледі. Яғни, қызметтің бұл түрі барша үшін қолжетімді. Бұл тұрмыстық сыбайлас жемқорлықты барынша азайтты», - деді А.Шпекбаев.

Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырауда Қызылқоға ауданы сервистік әкімдік форматына көшкенін хабарлаған едік.



Соңғы жаңалықтар