Алик Шпекбаев жастардың мемлекеттік қызметке қызығушылығы артқанын айтты
АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Алик Шпекбаев жастардың мемлекеттік қызметке қызығушылығы артқанын айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Алик Шпекбаев бүгінде жастардың мемлекеттік қызметке қызығушылығының артқанын айта отырып, «бізге шет тілдерді меңгерген, soft skills бар, корпортивтік секторда табысты жұмыс жасай алатын шетелдегі жоғары оқу орындарының түлектері, жас мамандар келе ме, қалай ойлайсыздар?» деген сауал тастады.
Және аталған ведомстводағы Халықаралық бағдарламалар және сыртқы байланыс басқармасының сарапшысы бос лауазымына орналасу бойынша өткізілген конкурстың нәтижесімен бөлісті.
«Бір орынға барлығы 28 сұраным түсті. Үміткерлер мемлекеттік және орыс тілін ғана меңгермегенін атап өткім келеді. 9 үміткер шет тілдерін (ағылшын, қытай, түрік және т.б.) жетік меңгерген. Екеуі магистратураны бітірген және алтауының жоғары білімі туралы екі дипломы бар. Үш үміткер оқуды шетелде бітірген (РФ, Англия, Түркия). Дарынды жас азаматтар!», -деп жазды Алик Шпекбаев Facebook-тегі парақшасында.
Одан әрі конкурсқа қатысушыларға қойылатын талаптармен таныстырды. Мансаптық модель шеңберінде мемлекеттік қызметке іріктеу ашық конкурс негізінде және меритократия қағидаты бойынша жүзеге асырылады. Әрбір үміткер тең жағдайда үш сатылы іріктеу жүйесінен өтеді (заңнаманы білу жөніндегі тестілеу, құзыреттілікті бағалау және сұхбат, сондай-ақ таяудан бері басшылық лауазымдарға орналасу үшін эссе жазу енгізілді).
Жазба соңында жоғарыда аталған қызметке конкурс нәтижесі бойынша сарапшы лауазымына «Болашақ» бағдарламасы бойынша Ұлыбританияда магистратураны бітірген Ысқақов Арман Талғатұлының тағайындалғанын айтты.
«Біздің тату ұжымның жаңа мүшесіне табыс және басқа үміткерлерге сәттілік тілеймін. Мен әрбіріңіздің мемлекеттік қызметте лайықты орын алатындарыңызға сенемін. Ал, әзірше біздің алдағы конкурстар туралы жаңалықтарды бақылап отырыңыздар», - деп аяқтады сөзін ведомство басшысы.