Алимент төлемеген БҚО тұрғыны сотталды

ОРАЛ. KAZINFORM – Батыс Қазақстан облысы кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының үкімімен Бәйтерек ауданының тұрғыны кінәлі деп танылып, оған 1 жылға бас бостандығынан шектеу жазасы тағайындалды. 

алимент
Фото: Kazinform

Бәйтерек ауданы прокуратурасының ұстанымы ескеріліп, ҚР Қылмыстық кодексінің 139-бабымен (балаларын күтіп-бағуға арналған қаражатты төлеу жөніндегі міндеттерді орындамау, еңбекке қабілетсіз ата-аналарын, еңбекке қабілетсіз жұбайын (зайыбын) күтіп-бағуға арналған қаражатты төлеуден жалтару) көзделген қылмыс жасағаны үшін сотталушының кінәсі толық дәлелденді. 

БҚО прокуратурасынан мәлім еткеніндей, 2021 жылдан бастап борышкердің алимент төлеу бойынша баласына 2 млн 787,838 мың теңге көлемінде берешегі бар. Бұрын әкімшілік жауапкершілікке тартылғанымен, бірнеше жыл бойы өз міндеттерін қасақана орындамаған. 

Үкім заңды күшіне енді.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын 185 адамды алдаған БҚО тұрғынының сотталғанын жазған болатынбыз. 

Соңғы жаңалықтар