Алимент төлемеген жетісулық азаматқа 1 жылға бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалды

ТАЛДЫҚОРҒАН. KAZINFORM — Талдықорған қалалық соты алимент төлеу міндетін орындамаған азаматқа қатысты қылмыстық істі (ҚР ҚК 139-бабы) қарады. Сотталушыға 1 жыл бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалды.

алимент
Фото: Freepik

Талдықорған қалалық сотының мәліметінше 2021 жылғы сот шешімімен азамат Г. бұрынғы жұбайының пайдасына кәмелетке толмаған 2 баланы асырау үшін алимент төлеуге міндеттелген. 2022 жылы міндетін орындамағаны үшін Жетісу облысының мамандандырылған әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі сотымен азамат Г.-ға ҚР ӘҚБтК-нің 669-бабы 1-бөлігі бойынша 3 тәулікке дейін әкімшілік қамауға алу жазасы тағайындалды.

— Алимент төлеу міндетін әдейі 3 айдан астам уақыт бойы орындамауы 5,5 млн теңгеден астам қарыздың пайда болуына әкеліп соқты. Сотталушының кінәсі қылмыстық іс материалдарымен толық дәлелденді. Сот үкімімен азамат Г. ҚР ҚК-нің 139-бабы бойынша қылмыстық құқық бұзушылық жасағаны үшін кінәлі деп танылып, оған 1 жылға бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалды. Үкім заңды күшіне енген жоқ, — деді Талдықорған қалалық соты.

Айта кетейік ҚР ҚК 139-бабында санкция ретінде 600 сағатқа дейін қоғамдық жұмыстарға тарту немесе 2 жылға дейін бостандығын шектеу немесе дәл сол мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.

Еске салайық осыған дейін 6 жетісулықтың алимент бойынша қарызы 20 миллион теңгеден асып кеткенін жазғанбыз. 

Соңғы жаңалықтар