17:23, 11 Наурыз 2017 | GMT +5
Алимент төлемейтін әкелер үшін бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өтті
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қарағанды облысының сот орындаушылары алимент қарызы бар борышкерлерге бос жұмыс орындарының жәрмеңкесін өткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Қарағанды облысы Абай ауданының Топар кентінде «Алимент. Төлемеуге қарсы 30 қадам» жобасы аясында аудан ұйымдары, кәсіпорындары және фермерлік шаруашылықтардың қатысуымен өткен бос жұмыс орындарының жәрмеңкесіне Абай аумақтық сот актілерін орындаушыларының № 2 бөлімі алимент берешегі бар борышкерлердің қатысуын қамтамасыз етті», - делінген Қарағанды облыстық әділет департаментінің баспасөз қызметі таратқан ақпаратта.
Ведомство мәліметінше, іс-шараның қорытындысы бойынша екі борышкер жұмысқа тұрғызылды.
Көрсетілген іс-шара қарағандылық сот орындаушылармен тұрақты өткізілуде.