Әлімханұлы мексикалықпен титулдық жекпе-жек алдында салмақ өлшеуден өтті
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Кеше Лос-Анджелесте Василий Ломаченко (12-1, 9 КО) - Энтони Кролла (34-6-3, 13 КО) бокс кешіне арналған салмақ өлшеу рәсімі болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат Sports.kz-ке сілтеме жасап.
Осы бокс кешінде қазақстандық кәсіпқой боксшы Жәнібек Әлімханұлы (5-0, 2 КО) да кезекті жекпе-жегін өткізеді.
Боксшы Instagram парақшасында жекпе-жекке дайын екендігін жазды.
«Өзімнің бокс тарихымда 160 фунтта салмаққа бірінші рет түстім. Еш қиналмадық. Денсаулық та көңіл күй де тамаша. Бұл менің салмағым! Бұйыртса ертең жекпе-жек. Сақадай саймыз!», - деп жазды ол.
Жәнібектің қарсыласы - тәжірибелі мексикалық Кристиан Оливас (16-4, 13 КО). Боксшылар орта салмақтағы WBO Global және WBC Continental Americas белбеулерін сарапқа салады.
Әлімханұлының салмағы талапқа сай дәл 160 фунт болды. Оливас одан сәл жеңілірек - 159,2 фунт.
Кездесу Staples Center аренасында өтеді. Оны қазақстандықтар 13 сәуір күні Нұр-Сұлтан уақытымен таңғы 07:00-ден бастап «Qazsport» телеарнасынан тікелей эфирден көре алады.