Алыс жолды атпен еңсерген ата-бабамыздың жанында біздің сапар түкке тұрмайды — түрік саяхатшылары
АСТАНА. KAZINFORM — Түркияның Анкара қаласынан Астанаға автобуспен шыққан Бурак пен Идил есімді ерлі-зайыпты 5400 шақырым жолды артқа тастап, діттеген жерге жетті. Жандарында Гүнеш есімді баласы және Анадолы агенттігінің тілшісі бар.

Астанаға табаны тие сала меймандар «жеттік-ау» деп кең тыныстап, ауаны қайта-қайта жұта берді. Түрлерінен шаршағаны сезіліп-ақ тұрды.
Әрине, алыс жолды автобуспен еңсеру оңай шаруа емес. Жолда қиындықтар да аз болмаған.

«Қазақстанның даласы байтақ екен. Бір қаладан келесі қалаға жетудің өзі әжептәуір уақыт алды. Десе де, далаға көз тастап, жолда кездескен аң-құсқа қарап қазақ халқының еркіндігін, қонақжайлылығын сезіне түскеніміз рас. Жасыратыны жоқ, кейбір жолдардың сапасы сын көтермейді. Ойқы-шойқы жолдар кездесіп жатты. Бірақ, автобус сынып, өзге де қиындықтар туындаған кезде сол жердің әкімдігі жедел жетіп, қажетті көмекті көрсетті», — деді Идил Дуран.
Бурак бұл сапар өмірлерінде ең ұзақ саяхат ретінде тіркелгенін айтты.
Көшпенділер ойынын тамашалаған соң Қазақстанның әр қаласын асықпай аралап шығуды мақсат етіп отырғанын да жеткізді.
«Бұл сапардың маңызы зор. Біздің ата-бабамыз көшпенді болған, қаншама шақырым жолды атпен жүріп өткен. Оның қасында біздің автобуспен жолға шығуымыз түкке де тұрмайды. Көшпенді халықтың ұрпағы болған соң арнайы саяхат ұйымдастырып, патриоттық рухымызды көтергіміз келді», — деді Бурак Дуран.

Саяхатшыларды күтіп алған Астана қаласы әкімдігінің өкілдері сый-сияпат көрсетіп, Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының ашылуына арналған билеттерді табыстады.
Сондай-ақ, дүбірлі дода бойы жол көрсетіп отыратын арнайы мамандардың бекітілгенін атап өтті.
Естеріңізге салсақ, бұған дейін түрік саяхатшыларынан арнайы сұхбат алып, сапардың маңызына үңіліп көрген едік.

