Әлия мен Мәншүк скверін қайта жаңарту: Алматы әкімдігі мердігерден 56,1 млн теңге өндіріп алмақ

Әлия мен Мәншүк скверін қайта жаңарту: Алматы әкімдігі мердігерден 56,1 млн теңге өндіріп алмақ
Фото: Александр Павский / Kazinform

АЛМАТЫ. KAZINFORM – Әлия мен Мәншүк скверін қайта жаңарту жұмыстары уақтылы жүргізілмегендіктен, әкімдік мердігер компаниямен шартты бұзу, тапсырыс берушіні мемлекеттік сатып алуға талаптарды орындамайтын қатысушы деп тану және тұрақсыздық айыбын өндіріп алу туралы сотқа талап арыз жолдады.

Алматы әкімдігінің мәліметінше, қалалық мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының шешімімен Әлия Молдағұлова мен Мәншүк Мәметова скверін қайта жаңарту жұмыстарын жүргізген мердігер ұйым («ШАХ» құрылыс компаниясы ЖШС) мемлекеттік сатып алудың талаптарды толық орындамайтын қатысушы ретінде танылды.

«Мердігермен келісімшарт бұзылды, құрылыс жұмыстарын бұзғаны үшін компаниядан 56,1 млн теңге көлемінде тұрақсыздық айыбы өндірілетін болады», - деп хабарлады әкімдіктен.

Алматы қаласы Экология және қоршаған орта басқармасы жаңа мердігерді анықтауға қайта конкурс жариялады. Конкурстық рәсімдердің аяқталуының болжамды күні – 2024 жылдың 25 мамыры. Скверді реконструкциялау жұмыстарының толық орындалуы – осы жылдың соңы.

Естеріңізге сала кетейік, Экология және қоршаған орта басқармасы мен «Шах «Құрылыс компаниясы» ЖШС арасында скверді абаттандыру және реконструкциялау жұмыстарын жүргізуге шарт 2022 жылдың 15 қыркүйегінде жасалған. Нысанды аяқтау 2023 жылдың 31 мамырына дейін жоспарланған. Жобада сквер аумағында орналасқан «Одуванчик» және «Аққу» субұрқақ кешендерін қайта жаңарту, технологиялық жабдықтарды, қаптау материалдарын ауыстыру және техникалық жайларды жөндеу жұмыстары көзделген болатын.

«Қолданыстағы асфальтты брусчаткаларға ауыстыру, шағын архитектуралық формаларды (орындықтар мен қоқыс тастауға арналған жәшіктерді), автоматты суару жүйесін орнату және дренаж жүйесін, сыртқы жарықтандыру жүйесін қайта құру және қолданыстағы жарықтандыру құрылғыларын ауыстыру жұмыстары уақытылы жүргізілмегендіктен, басқарма мердігер компанияны сотқа беруге мәжбүр болды», - деп хабарлады әкімдіктен.

Соңғы жаңалықтар