Әлия Юсупова ұлттық құраманың бас бапкері қызметінен кетті
АСТАНА. KAZINFORM – Белгілі спортшы Әлия Юсупова көркем гимнастикадан Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері қызметінен кетті.

Бұл туралы Ә. Юсупова Instagram әлеуметтік желісіндегі парақшасында жария етті.
Екі бірдей Олимпиадаға қатысқан оның мәлімдеуінше, 2009 жылы спорттық мансабын аяқтаған соң, өзін бапкерлік қызметте сынап көргісі келген.
– Мен өзім дайындаған спортшыны Олимпиадаға шығарып, сол ойындарға бапкер ретінде қатысуды мақсат еттім. 2012 жылы маған осындай мүмкіндік беріліп, Қазақстан құрамасының бас бапкері қызметіне кірістім. Үш Олимпиадада біз жақсы нәтижелер көрсете алдық. Үш рет гимнасттарды төртжылдықтың басты додасына дайындағаныма өте қуаныштымын, - дейді Ә.Юсупова.
Ол жауапты қызметте өзіне сенім артқаны үшін Қазақ еліне, басшылыққа алғысын білдірді.
– 2025 жылдың қаңтарынан бастап бас бапкер қызметінен кетемін. Өйткені федерациядағы жұмысқа толықтай көңіл бөлгім келеді. Осылайша, басқа бапкерлерге өздерін көрсетуге мүмкіндік беруді жөн көрдім. Баршаңызға сәттілік тілеймін, - деді Әлия Юсупова.
Қазақстан гимнастика федерациясынан түскен мәліметке қарағанда, Юсупованың жетекшілігімен қазақстандық гимнасттар халықаралық ареналарда табысқа жетіп, құрлықтық чемпионаттарда, Азия ойындарында және әлемдік турнирлерде бірнеше медаль жеңіп алды.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын көркем гимнасика шебері Елжана Таниеваның спорттық мансабын аяқтағанын жазған болатынбыз.